«NAURYZ – FASHION»

Наурызнамаға орай 18 наурыз – Ұлттық киім күні. Ұлттық киім – ұлт бейнесі. Арқа даласында республиканың үздік дизайнерлері бас қосты. Көшпелілер киімінің бар сұлулығын паш еткен «NAURYZ – FASHION» этно-заманауи киімдер фестивалінде танымал топтамалар көрермен назарына ұсынылды.

Фестивальда 10 шақты үздік топтама жинақталған. Олардың арасынан бөрік пен бүрмелі көйлектен жинақталған сахналық үлгілерді де, күнделікті өмірге арналған киімдерді де кездестіруге болады. Қазақ оюлары заманауи көйлектер мен жейделерді көркейтіп тұр. Мұнда тек ересектер ғана емес, балаларға арналған топтамалар да ұсынылған. Соның бірі – «Көркем» топтамасы.

Бүгінгі «Nauryz Fashion» фестиваліндегі топтамам балаларға арналған топтама. Бұл жерде, өздеріңіз көріп тұрғандай, балалардың күнделікті өмірде кез келген киіммен киіп жүре беретін киімдер үлгісі ұсынылған. Шынымды айтсам, мен мына сән индустриясында жүрген адам емеспін. Негізі, декретте отырған көпбалалы анамын. Балаларым оқушы болғандықтан, әуелі өз балаларыма тігіп, сол арқылы танылып, солай жетілді, – дейді дизайнер Индира Белғазы.

«NAURYZ – FASHION» фестивалі Қарағандыда алғаш рет өткізіліп отыр. Кеншілер мәдениет сарайының кіреберісінде жетігенмен күй шерткен өнерлі жастар көрермендерді қарсы алды. Сонымен қатар ағаштан ойылған түрлі өнер туындысы қойылған. Көрермен көңілінен шыққан шараны ұйымдастырушылар дәстүрге айналдыруды көздеп отыр.

Бағана байқағаным бүкіл көрермен сондай бір буырқанған сезімде отырған секілді болды. Ұлттық киімімізді біз өзіміз насихаттауымыз керек. Сонда ғана бүкіл ел әдемі киіммен жүреді дегенге сенемін, – дейді Қарағанды облысының Мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Еркебұлан Жұмакенов.

Кей дизайнер үшін бұл көрсетілім сән әлеміне бастар алғашқы қадам болды. Көрерменге алғашқы топтамаларын ұсынған олар лайықты бағасын алды.

Бұл менің алғашқы сән көрсетілімім болғандықтан, әрине, қатты уайымдап тұрмын. Бұл киімдерді сіз қонаққа да, жұмысқа да кие аласыз. Бұл қазіргі жастар ұнататын кэжуал стилінде тігілген топтамалар. Дегенмен әр киімде біздің ұлттық құндылықтардың тамшысы бар. Түрлі ою немесе жай ғана етегіндегі бүрмесінен-ақ мұның қазақ киімі екені көрініп тұрады, – дейді Снежана Цель.

Фестивальға қатысқан дизайнерлердің барлығына диплом мен қаржылай сертификат табысталды.

Сән көрсетілімімен бір уақытта Кеншілер сарайында оқушыларға арналған шеберлік сабақтары да өткізіліп жатты. Нағыз шеберлердің өнері таңдай қаққызбай қоймасы анық. Онда балалар киіз басу, ағаш ою, қамшы өруді үйренді.

Шеберлік сабағы екі этапта өтті. Әрбір этапта 30-40 баладан. Жалпы жастарымыздың, бүгін келген оқушы балалардың ұлттық қолөнерге деген қызығушылығы керемет. Қазақы саз аспабының түрі өте көп, соның ішінде бүгін домбыра мен қобыз макетін қыларамен ойып шығу өнерін көрсеттім. Оқушылар белсене қатысып, әрқайсысы қолынан келгенше жасап көрсетті, – деп атап өтті суретші, ағаш шебері Жомарт Мәлік.

 

Нұрәсем АХАН,«QH»