Нұржан СЫЗДЫҚОВ, Қарағанды қаласы Халықты жұмыспен қамту орталығының директоры: «Еңбек етемін деген адамға жұмыс бар»

Дәл қазір күн тәртібінде тұрған өзекті мәселенің бірі — халықтың әлеуметтік хал-ахуалын жақсарту. Әлеуметтік ахуалды жақсарту дегеніміз мемлекет асырайды дегенді білдірмейді, әрине. Қайта қоғамды еңбекке тартып, жұмыс орындарымен қамтамасыз ету, ынтасы мен бейімі бар азаматтардың жеке кәсіппен айналысуына қолайлы жағдай жасау және сұранысқа ие мамандыққа қайта бейімдеу қажет. Бұл бағытта Қарағанды қаласында қандай жұмыстар атқарылып жатыр? Жұмыс іздеген жан не істеуі керек? Осы сауалдарға жауап алу мақсатында Қарағанды қаласы Халықты жұмыспен қамту орталығының директоры Нұржан СЫЗДЫҚОВПЕН сұхбат құрған едік.

— Нұржан Хамитұлы, әңгімеміздің әлқисасын орталықтың жұмысынан бастасақ. Қандай қызмет көрсетесіздер? Қызметкерлеріңіз күніне қанша адамға кеңес беруге қауқарлы?

— Біз көпен жұмыс істейміз ғой. Нақты бәлен адам келеді деп кесіп айта алмаймын. Десек те, кей кездері күніне екі жүзге жуық азаматқа кеңес беріп, көмек көрсететін сәттеріміз бар. Жұмыс іздеген азаматтарға бос жұмыс орындарын ұсынамыз, сонымен қатар, Атаулы әлеуметтік көмек алғысы келген азаматтарды тіркеп, құжаттарын қабылдаймыз. Мұнда келетін азаматтардың жас алуандығы да әртүрлі. Кәмелетке толған жастардан бастап зейнет демалысына шығуға аз қалған тұрғындар да келіп жатады. Сонымен қатар, кезінде жаза басып, бас бостандығынан айырылған азаматтар да жазасын өтеп болған соң, бізге келіп, бос жұмыс орындарына жолдама алады. Біз мұндай азаматтарды тұрақты жұмыспен қамтамасыз етеміз. Осылайша, олардың қоғамға тез бейімделіп, қалыпты тұрмыс кешуіне жағдай жасалады.

Орталық қызметкерлері кеңес сұрай келген жандардың барлығын қабылдап, оларға бағыт-бағдар береміз. Тағы бір айта кетерлігі, халықтың түрлі санатына қарай арнайы қабылданған бағдарламалар бар. Мәселен, «Жастар практикасы», «Алғашқы жұмыс орны», «Күміс жас», «Ұрпақтар келісім шарты» және «Қоғамдық жұмыстар» деген тәрізді. Жұмыс сұрай келген азаматтардың жас санаты, олардың мамандығы мен таңдауын ескере отырып, осы бағдарламаларға қатысуға шақырамыз. Бұдан бөлек, қазіргі таңда кәсіп ашуға ниет білдірген азаматтарға мемлекет тарапынан берілетін қолдау да көп. Өйткені, еңбек ең алдымен халықтың әлеуметтік ахуалын жақсартады. Әлеуметтік ахуалдың жақсаруы — қоғамда тәртіп пен келісімнің болуына, түрлі заң бұзушылықтар мен қылмыстың азаюына ықпал етеді. Яғни, кәсіпкерліктің дамуы мен жұмыссыздықтың жойылуына ең алдымен мемлекет мүдделі екенін есте ұстаған абзал.

— Қоғамның әр санатына лайықталған арнайы бағдарламалар бар дедіңіз ғой. Соған кеңірек тоқтала кетсеңіз…

— Қаладағы түрлі компаниялар мен жеке кәсіпкерліктер өздеріндегі бос жұмыс орындары туралы ақпарат ұсынып, қажет мамандардың тізімін береді. Осыдан соң, біз жұмыс сұрай келген азаматтарды түрлі санаттарға бөліп қарастырамыз. Сол бойынша, әлгінде айтқан бағдарламалардың біріне қатысуға шақырамыз. Яғни, оқу бітірген, бірақ, тәжірибесі жоқ азаматтар «Жастар практикасы» бойынша жұмысқа орналаса алады. Бұрын бұл бағдарлама бойынша 6 айға келісім шарт жасалатын еді. Қазір оның мерзімі 12 айға дейін ұзартылды. Яғни, осы бағдарлама бойынша жолдама алған азаматқа 12 ай бойы жалақы мемлекет қазынасынан төленеді. Кейін шартты мерзім аяқталған соң маман өзінің кәсіби біліктілігін көрсете алса, сол мекемеде тұрақты жұмыста қала беруіне болады.

Қолында дипломы жоқ, бұрын ешқандай ресми жұмыс істемеген NET санатындағы жастар үшін «Алғашқы жұмыс орны» деген жобамыз бар. Ол бойынша кәсіпкермен 18 айға келісім шартқа отырамыз. Осы аралықта қызметкерге мемлекет есебінен 30 АЕК мөлшерінде жалақы төленеді. Жұмыссыз жүрген азаматтар осы уақыт аралығында біліктілігін арттырып, тәжірибе жинау мүмкіндігін иеленеді. Өзін жақсы маман, жауапты қызметкер ретінде көрсетсе, сол мекемеде әрі қарай еңбек ете беруіне болады. Егер ол мекемеден жұмыс табылмаған күннің өзінде, жиған тәжірибесінің арқасында басқа жұмысқа орналасуы әлде қайда жеңіл болады. Бүгінгі таңда 50 адам осы жоба бойынша жұмыс істеп жатыр.

Сондай-ақ, «Күміс жас» жобасы бар. Бұл зейнет демалысына шығуға 2 жыл қалған азаматтарға арналған бағдарлама. Қазір нарық заңы басымдық алған заман ғой. Шыны керек, көптеген кәсіпорындар егде жастағы адамдарды жұмысқа алудан қашқақтайды. Сондықтан да, бұл бағдарламаның пайдасы мол дер едім. Біз жұмыс берушімен шарт жасаймыз, яғни қызметкердің жалақысының елу пайызы мемлекет қаржысы есебінен субъсидиаланады. Бірақ, бұл қаражат 30 АЕК аспауы керек. Ал, екінші жылы кәсіпкер айлықты өзі төлейді. Сөйтіп, зейнет демалысына шығарады. Бүгінге дейін Қарағанды қаласында «Күміс жас» жобасы бойынша 20 адамға жолдама берілді. Жалпы алғанда, 15 мекеме жетпіске тарта орын ұсынып отыр.

Бұдан бөлек, «Ұрпақтар келісім шарты» жобасын да ерекше атап өтуге болады. Бұл жоба аға буынның өмір бойы жиған білімі мен тәжірибесін жас маманға қалдырып кетуіне жол ашады. Яғни қандай да бір мекеменің қызметкері зейнет демалысына шығар алдында оның орнын басатын жас маманды жұмысқа жібереміз. Бұл жерде шарт 6 айға жасалады. Осы аралықта аға буын өкілі өз орнына келетін маманға білгенін үйретіп, кейін қызметті лайықты деңгейде алып кетуіне қам жасайды. Осылайша, ұрпақтар сабақтастығы мен еңбек дәстүрінің сақталуына қолайлы жағдай жасау мүмкіндігі туындап отыр. Қазір осы жоба бойынша 6 адам жұмыс істеп жатыр.

— Мемлекет халықтың әлеуметтік ахуалының жақсарғанына, жұмыссыздықтың азайғанына мүдделі дейміз. Бұл ретте сіздердің атқарып отырған істеріңіздің маңызы зор. Десек те, қоғамда әлі күнге дейін жұмысты әлеуметтік желіден, көшедегі жарнамадан іздеп, кейін еңбек дауына ұшырап жататындар бар. Сіздер ақпараттық-насихат жүргізу бағытында қандай жұмыс атқарып жатырсыздар?

— Әрине, біз бірінші кезекте әлеуметтік желіде ақпарат тарату шарасын қолға алғанбыз. Одан бөлек, бұқаралық ақпарат құралдары арқылы да хабарандырулар таратып жатырмыз. Сондай-ақ, халықпен тікелей жұмыс істеу мәселесі де жүйеге қойылған. Мәселен «Жастар практикасы» жобасы ойынша оқу жылының соңында қаладағы жоғары оқу орындары мен колледждерде түлектермен кездесулер ұйымдастырып, оларға түсіндіру жұмыстарын жүргізіп отырмыз. Қалада халық көп жиналатын орындарда, сауда үйлері мен базарда біздің орталықтың бөлімдері бар. Ол жерлерде де бос жұмыс орындары туралы, мемлекеттік бағдарламалар жайлы кеңес беріледі. Тағы бір айта кетерлігі, жылжымалы пунктер де жұмыс істеп тұр. Мамандарымыз арнайы көлікпен қаланың аудандарын аралап, халықпен етене жұмыс істеп жатыр. Мәселен, күні кеше ғана Сұрыптау станциясының орталық базарында жылжымалы пунк жұмыс істеді. Аудан тұрғындарына 2021–2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамытудың ұлттық жобасы бойынша «Жастар практикасы», «Күміс жас», «Ұрпақтар келісім шарты», «Алғашқы жұмыс орны», «Қоғамдық жұмыстар», «Әлеуметтік жұмыстар» және «Мемлекеттік грант» ойынша кеңес берілді. Сондай- -ақ, бос жұмыс орындарының жәрмеңкесін де жиі ұйымдастырып отырмыз.

— Базар туралы айтып қалдыңыз ғой. Осы Шығыс базарының аумағында қара жұмысшылар жиналатын орын бар. Жаздың ыстығы мен қыстың аязында адамдар жиналып, өзара келісім бойынша түрлі жұмыстар істейді. Былтыр қала әкімі осы азаматтарға қолайлы орын сайлап беру туралы айтып еді. Сол бастама не болды?

— Иә, ол жерге азаматтар әлі де жиналып, күндік нәпақаларын айырып жүр. Қала әкімінің тапсырмасы бойынша көпірдің астындағы бос алаңқайға арнайы павильон орнатылды. Енді жұмыс күткен жандар қолайсыз ауа райы кезінде сол жерді паналай алады. Бұл жерге де ақпараттық тақталар орнатылған. Мамандарымыз соңғы деректерді, хабарландырулар мен бос жұмыс орындары туралы деректерді үнемі жаңартып отырады.

— Көптеген жасөспірімдер жазғы демалыс уақытында еңбек етіп, ата-анасына қолғабыс көрсеткісі келеді. Он сегіз жасқа толмағандықтан, бұл азаматтар көбіне ауызша келісім негізінде жұмысқа орналасып жатады. Кейін жалақыларын ала алмау, еңбек қауіпсіздігі мен жұмыс режимінің сақталмауы тәрізді келеңсіздіктерге де тап болады. Он алты жастан асқан азаматтарға сіздерден көмек бар ма?

— Иә, әрине. Мәселен, осыдан біраз уақыт бұрын жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарында қаладағы мейрамханалардың біріне ауызша келісім арқылы жұмысқа орналасқан екі оқушы қыздың мәселесі көтерілді. Олар күндік жалақыға келісіп, жұмысқа кіріскен. Ешқандай еңбек шарты жасалмаған. Жұмыстары түн жарымына дейін созылады. Бірақ, соңында уәделі айлықтарын ала алмай, журналистер көмегіне жүгінді. Кейін біз ол қыздармен келісіп, «Қоғамдық жұмыс» жобасы аясында жолдама бердік. Қазір екеуі де жұмыстарын істеп жатыр. Мәселелерінің оң шешім тапқанына қуанып, алғыстарын айтты. Сол тәрізді, бізде мемлекет тарапынан жазғы демалыс уақытында 16 жасқа толған жастарға жұмыс істеуге рұқсат беріледі. Біз бүгінгі таңда жоғары сынып оқушыларын, студент жастарды демалыс уақытында «Қоғамдық жұмыс» жобасы аясында жұмыспен қамтып отырмыз. Бұл жастар үшін де пайдалы. Өйткені, олар кейін басқа жобаларға қатысып, жұмысқа орналасқан кезде базалық біліктіліктері болады. Адамдармен қалай тіл табысу керегін, жұмыста өздерін қалай ұстау қажетін біледі. Сонымен қатар, қатарластарына да осы бағдарламалар туралы айтып, бағыт бере алады.

— Кейде екі қолын алдына салып, бос жүрген азаматтардан «неге еңбекке араласпайсың?» деп сұрасаң «жұмыс жоқ» деген жауап аласың. Бұл қаншалықты рас? Қалада қанша бос жұмыс орындары бар?

— Бізде қарағанды қаласы бойынша 355 мекемеде екі мыңнан астам бос жұмыс орындары бар. Еңбек етемін деген адамдарға қашан да жұмыс табылады. Тіпті олардың жасы, білімі де маңызды емес. Әлгінде айтып өткенімдей, бізде оқуын енді бітірген жас маманнан бастап зейнет демалысына шығуына аз уақыт қалған азаматтарға дейін жұмысқа орналасып отыр. Тіпті, ешқандай оқу орнын бітірмеген, тұрақты жұмыс істеп көрмеген азаматтардың өзі еңбекпен қамтылып отыр. Сондықтан «жұмыс жоқ» деп қарап отыру жәй сылтау дер едім. Рас көпшілігінің айлығы аз болуы мүмкін. Бірақ, бұл солай екен деп ұсынылған жұмыс орнынан бас тарту керек дегенді білдірмейді ғой. Егер адам өзін кәсіби маман ретінде көрсете білсе, жоғары айлыққа да жақсы қызметке де қолжеткізе алады. Бастысы ынта болуы керек. Сондай-ақ, кәсіпкерлікпен айналысып жеке шаруашылығын дөңгелетіп әкетулеріне де болады. Кәсіпкерлікті дамытудың ұлттық жобасы аясында бізге 100 грант бөлінді. Ниет білдірген азаматтар «Еңбек» бағдарламасы бойынша кәсіпкерлік негіздерін оқиды. Өз бизнес жобаларын әзірлеп, қорғайды. Егер олар ұсынған жобаның өміршеңдігі, бәсекеге қабілеттілігі анықталса, бұл азаматтарға мемлекет тарапынан қайтарымсыз грант беріледі. Қазір оның көлемі де артты. Яғни, биыл кәсіп бастау үшін 1 225 000 теңгеге дейін қаражат беріледі. Былтыр қаламызда 119 азамат грант алған еді. Қазір олардың барлығы дерлік кәсіпкерлікпен айналысып отыр. Әрине, қоғамның бәрі біркелкі емес қой. Кейде қайтарымсыз қаражатты сұраусыз екен деп ойлап, мүлдем басқа бағытта жұмысап жіберетін жандар да кездесіп жатады. Бірақ, қаражат мемлекет қазынасын бөлінгендіктен оның сұрауы бар. Біз грантты мақсатсыз жұмсаған тұлғаларды анықтап, ісін сотқа жолдадық. Ал, жалпы алғанда көрсеткіш жаман емес. Мемлекеттік грантқа қолжеткізген азамттарымыздың алды кәсіптерін кеңейтіп, жаңа жұмыс орындарын ашып жатыр. Мұның өзі көңілге қуаныш сыйлайды.

— Нұржан Хамитұлы, алтын уақытыңызды бөліп, құнды ақпараттармен бөліскеніңізге рахмет.

Сұхбаттасан Нұрлыхан ҚАЛҚАМАНҰЛЫ