«Үміт пойызы» Қарағандыға келді
Қарағанды қаласына «Үміт пойызы» атты арнайы ақпараттық-насихат пойызы келді. Акцияның басты мақсаты – қазіргі қоғамдағы ең ауыр қылмыстардың бірі саналатын адам саудасының алдын алу және тұрғындардың құқықтық сауаттылығын арттыру. Іс-шара Біріккен Ұлттар Ұйымы жариялаған Дүниежүзілік адам саудасына қарсы күрес күні аясында ұйымдастырылды. «Үміт пойызы» қауіп-қатерге тап болуы мүмкін азаматтарға қолдау көрсетіп, жұртшылықты ақпараттандыруға арналған маңызды алаңға айналды.
Республикалық ақпараттық акция еліміздің төрт бағыты бойынша арнайы насихат пойыздары жолға шықты. Әр пойыз өз бағыты бойынша өңірлерді аралап, тұрғындармен кездесулер өткізді. Қарағанды қаласы солтүстік бағыттың маршрутына енгізілді. Теміржол вокзалында тұрғындарды заңгерлер, әлеуметтік қызметкерлер және полиция қызметкерлері қарсы алып, құқықтық кеңестер берді.
– Мұндай кездесулердің басты мақсаты – азаматтарды адам саудасының қауіптері туралы хабардар етіп, құқықтық көмек көрсету. Әрбір тұрғын күмәнді жағдайларға тап болған кезде қайда жүгіну керектігін білуі маңызды, – деді Солтүстік Қазақстан облысы ПД Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының аға жедел уәкілі, полиция майоры Аякөз Байменова.
Ақпараттық топ тұрғындарға құқықтық кеңес беріп, күрделі мәселелердің шешу жолдарын түсіндірді. Мамандар адам саудасының белгілері, адамдарды арбау тәсілдері, интернет арқылы жасалатын алаяқтықтан қорғану жолдары жөнінде кеңінен ақпарат берді. Сонымен қатар қатысушыларға пайдалы мәліметтер мен байланыс нөмірлері көрсетілген арнайы жадынамалар таратылып, қажет болған жағдайда жазбаша өтініштер де қабылданды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, осындай ақпараттық кездесулер азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттырып, адам саудасының алдын алуда маңызды рөл атқарады. Қауіпке тап болған немесе күмәнді жағдайға кезіккен әрбір адам осы алаңнан қажетті кеңес пен қолдау ала алады.
Қанағат ЖИЕНҚҰЛОВА,
«QH»

