Металлургиялық алпауытта тексеріс басталды

Қарағанды облысының экологтері Теміртау қаласындағы металлургиялық комбинатқа жоспардан тыс тексеріс жұмыстарын бастады. Себебі компания экологиялық талаптарды орындамай отыр. Осыдан екі жыл бұрын жергілікті әкімдік, Экология министрлігі және компания арасында үш жақты келісім жасалған болатын.

Ол құжатта комбинаттан шығатын зиянды заттар мөлшерін 2025 жылға дейін 30 процентке азайту міндеттелген. Ал қазір алпауыт өндіріс ошағынан әр жыл сайын 210 мың тонна қалдық қоршаған ортаға таралады. Компания тек биылдың өзінде бұл көрсеткішті 6 мың тоннаға төмендету керек еді. Бірақ осы күнге дейін ешқандай жұмыс атқарылмаған.

– Компания 5 жыл ішінде зиянды заттар мөлшерін 65 мың тоннаға азайтуға уәде берген болатын. Бірақ, өкінішке қарай, жағдай өзгермеген. Компания техникалық міндеттемелерін орындамай отыр. Жоспардан тыс жүргізіліп жатқан тексеріс кезінде зиянды қалдықтардың эмиссиясын анықтаймыз. Қорытындысы жылдың соңына дейін дайын болады, – дейді Экология департаментінің баспасөз хатшысы Ерғанат Кеңесбеков.

Асыл АЙБЕК,

«QH»