Мемлекеттік қызметкерлер күш сынасты

Қаламызда мемлекеттік қызметкерлер арасында алғаш рет ұлттық ойын түрлерінен жарыс өтті. Наурыз мейрамына орай ұйымдастырылған спорттық бәсекеге Қарағанды облысына қарасты қалалар мен аудан қызметкерлері, сондай-ақ басқармалардың және ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Қарағанды облысындағы департаменті қызметшілері қатысты. Спорттық бәсеке Қ.Нұржанов атындағы жеңіл атлетика манежінде жалау көтерді.

Облысымызда мемлекеттік қызметкерлер арасында алғаш рет өткізіліп отырған спорттық шараға жиналғандардың қарасы қалың. Дүбірлі доданы көруге арнайы спорт жанашырлары мен қала қонақтары да келді. Облыстық спартакиаданың шымылдығын ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Қарағанды облысы бойынша департаменті басшысы Ербол Жолданғар және Қарағанды облысының Дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысы Темірхан Абылаев ашты. Ербол Қабдығалиұлы жиналған жұртты ұлыстың ұлы күні Наурыз мейрамымен құттықтап, жарысқа қатысушы командаларға сәттілік тілеп, жеңіс тұғырынан көрінуге тілек білдірді.

Салауатты өмір салтын ұстану және ұлттық спортымызды жандандыру мақсатында ұйымдастырылып отырған шараның маңызы жоғары. ДШ және спорт басқармасының басшысы Темірхан Серікбайұлы мемлекеттік қызметкерлер арасында өткізілетін жарыстың маңызын тілге тиек етті. Сондай-ақ спорттық бәсекенің өтуіне қолдау білдірген Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі департамент басшылығына алғысын жеткізді. Наурыз мейрамы қарсаңында өткізіліп отырған ұлттық спорт ойындары биыл ғана емес, келер жылы да дәстүрлі түрде жалғасарына сенім білдірді.

Қарағанды облысының 170-тен астам мемлекеттік қызметкері спорттың 5 түрінен сынға түсті. Олар: тоғызқұмалақ, садақ ату, арқан тарту, кір тасын көтеру, асық ату және т.б. Әр өңірдің намысын қорғаушылар 15 командаға топтасқан, бірінен-бірі өтеді. Турнирге қатысушылардың қаншалықты белсенді екені ұлттық нақышта өрнектелген киімдерінен, асынған садақтарынан аңғарылып тұрды. Команда құрамында 14 адамға дейін болды. Көптеген мемлекеттік қызметшінің ұлттық спорт түрлерінде күш сынап көргісі келгені көпшілікті қуантты. Қатысушылардың барлығы – әуесқой спортшы. Жарыс жеке және командалық сынақтар бойынша өтті.

Садақ ату қырағылықты, төзімділік пен шыдамдылықты шыңдайды. Егер сіздің бойыңызда қобалжу болса, көздеген нысанаңызға дөп тигізуіңіз екіталай. Дүбірлі додада топ жару үшін, бойдағы қобалжудан арылып, өзіне сенімді болуы керек. Сонда ғана адам мақсатына жетеді.

– Мен мұндай жарысқа бірінші рет қатысып отырмын. Алайда жеңіске деген сенім бар. Ұлттық ойындарды дәріптеп, жандандырып жатқан Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі департаментке, сондай-ақ Қарағанды облысының Спорт бөліміне алғысым шексіз. Осындай шаралар жалғасын тауып, мемлекеттік қызметкерлер арасында жыл сайын өткізіліп отырса жақсы болар еді, – дейді Теміртау қаласының Мәдениет, тілдерді дамыту және дене шынықтыру, спорт бөлімінің сектор меңгерушісі Гүлмира Олжабаева.

Мемлекет басшысының жыл сайынғы жолдауында бұқаралық спортты дамыту, салауатты өмір салтын қалыптастыру мәселесі басым бағыттардың біріне айналды. Бүгінгі күні мемлекеттік қызметкерлер үшін спортпен шұғылдану маңызды өмірлік ұстаным болып отыр. Денсаулығы мықты, күш-жігері мол қызметкерлердің жұмысқа деген белсенділігі артып, тиімді жұмыс жасайтыны сөзсіз.

Спорттық бәсеке қатысушыларға керемет жағымды атмосфера сыйлады. Сондай-ақ турнирге қатысушы мемлекеттік қызметкерлерге потриоттық көңіл-күй сыйлады. Наурыз мейрамы қарсаңында ұйымдастырылған спорттық шараның елімізде ұлттық спорт түрлерінің жандануына қосар үлесі зор. Ұлттық спорт түрлеріне көбірек көңіл бөліп, оларды дамытып, жастарды тарту керек. Жарыс қорытындысында командалық есеп жеңімпаздары мен жүлдегерлері кубоктармен және дипломдармен марапатталды. Алғашқы үш орынға іліккен команда өкілдері грамоталармен және медальдармен марапатталды.

Еркебұлан САНАҚҰЛЫ,

«QH»