Мемлекеттік наградалар табысталды
Республика күні қарсаңында бірқатар қарағандылыққа мемлекеттік наградалар табысталды. Мерекеге орай салтанатты жиын С.Сейфуллин атындағы театрда өтті. Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев жалпыұлттық мерекемен құттықтап, Мемлекет басшысының атынан марапаттар табыс етті.
Аймақ басшысы Қазақстан тәуелсіздік алғаннан бері орын алған бірқатар маңызды саяси өзгерістер мен әлеуметтік өзгерістерді атап өтті.
– Біздің аймаққа тікелей әсер еткен кейбір шешімді ерекше атап өткім келеді. Бұл металлургия комбинатының бас акционерінің ауысуы және қазақстандық инвесторды тарту. Нәтижелер қазірдің өзінде көрініп келеді. Тек осы жылдың 8 айында ғана зауыттағы өндіріс көлемі 11-ден 21%-ға дейін өсті және онымен шектеліп қалмаймыз. «Қазақстан халқына» қоры біздің өңірде төрт жобаны жүзеге асыруға қолдау көрсетті. Бұл мектептерді жаңғырту және жөндеу, оқу кабинеттерін өзгерту, педагогтарды оқыту, ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға бейімделген спорт алаңдарын салу және басқа да әлеуметтік жобалар, – деді Ермағанбет Бөлекпаев.
AMANAT партиясы Қарағанды облыстық филиалының төрағасы Бекзат Алтынбеков Республика күнінің маңыздылығына тоқталып, барша қазақстандықтарды мерекемен құттықтады.
– Бізде бір тамаша сөз бар: «Бағалағанға бақ, қуана білгенге құт қонады» деген, бүгін – нағыз барша қазақ даласындағы әрбір ұрпақ ерекше қуанатын және мақтанатын, басындағы бақты бағалайтын күн. Яғни бұл күн – біздер үшін тәуелсіздіктің алғашқы деклорациясы қабылданған күн, ұлттық, мемлекеттік Республика күні. Барша әлем елдерінен президентіміз құттықтаулар қабыл алып, соған ерекше шаттанатын күн. Яғни еңбектеген баладан еңкейген қартқа дейін бұл мерекені ерекше шаттықпен тойлайтын күн. Мен бүгін барша қазақстандықтарды, оның ішінде Арқа жұртын осы тамаша мерекемен құттықтаймын. Әрбір азамат, ол біздің Қазақстанның тұрғыны бақытты болуы үшін, бай болуы үшін барлық жағдай жасалған, тек соның жолын тауып, дұрыс таңдау жасай білген әрбір азамат бақытты болуға да, бай-қуатты болуға да барша мүмкіндіктер бар. Отандастарыма тек қана жақсылық тілеймін, тәуелсіздігіміз тұғырлы болсын, осы тәуелсіздіктің аясында бақытты ұзақ ғұмыр кешейік. Мереке құтты болсын! – деп өз жылы лебізін білдірді Бекзат Алтынбеков.
Елдің дамуына қосқан үлесі үшін Президент Жарлығымен облысымыздың 44 тұрғыны марапатталды. Оларға «Парасат», ІІ дәрежелі «Достық», «Құрмет», ІІ және ІІІ дәрежелі «Еңбек Даңқы» ордендерімен, «Ерігі үшін», «Ерен еңбегі үшін», «Шапағат» медальдары табысталды.
Марапатталғандардың арасында жұмысшылар, кәсіпорындар мен ұйымдардың басшылары, еңбек ардагерлері, мұғалімдер, дәрігерлер, спортшылар және басқа салалардың өкілдері бар.
Облыстық балаларға арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығының тәрбиешісі Ольга Кравцоваға «Ерен еңбегі үшін» медалі табысталды. 30 жылдан бері ол ерекше балалармен жұмыс істейді.
– Бұл марапат мен үшін – еңбегімді, балаларға мүмкіндігінше сүйіспеншілік пен көңіл бөлуге деген ұмтылысымды бағалау. Біз 5 жастан 18 жасқа дейінгі балалармен жұмыс жасаймыз. Олардың біздің орталықта бақытты болғанын қалаймын, – дейді Ольга Кравцова.
Дәстүр бойынша салтанатты жиында Қарағанды облысының Құрметті азаматы атағына ие болғандар да марапатталды. Олар Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі, ҚР құрметті журналисі Екатерина Кузнецова және еңбек сіңірген жаттықтырушы, самбодан спорт шебері Диқанбай Биткөзов.
– Бүгінгі атақ – менің 60 жылдық еңбегімнің жемісі, – деп есептейді 83 жастағы Диқанбай Биткөзов. – Менің көптеген марапатым бар: «ҚазКСР еңбек сіңірген мұғалімі», Еңбек Қызыл Ту ордені, Еңбек ері. Менің ойымша, спортта биіктерге жеттім. Осы уақытқа дейін 200-ден астам спорт шеберін, 23 халықаралық деңгейдегі спорт шеберін, 5 әлем чемпионын, 20-дан астам Азия чемпионын дайындадым. Мен әлі күнге дейін жұмыс істеймін және жаттықтырамын.
Жиын облыс әртістері мен шығармашылық ұжымдарының қатысуымен өткен мерекелік концертпен аяқталды.
Атап өтейік, бұған дейін Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев тағы алты қарағандылықтың еңбегін жоғары бағалағанды.
«Қазақстанның Еңбек Ері» атағы Нұра ауданының «Шахтерское» ЖШС директоры Георгий Прокопқа берілді.
«Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» құрметті атағын Қ.Байжанов атындағы Қарағанды концерттік бірлестігінің «Арай» ансамблінің көркемдік жетекшісі Сержан Мұсайын алды.
«Қазақстанның халық әртісі» құрметті атағына Сәкен Сейфуллин атындағы театр актері Кеңес Жұмабеков, ал «Қазақстанның еңбек сіңірген дәрігері» құрметті атағы Облыстық клиникалық аурухананың хирургиялық орталығының жетекшісі Борис Цхайға берілді.
«Шахтинская» шахтасының үңгушісі Болат Молдайтовқа Президент II дәрежелі «Еңбек Даңқы» орденін, ал «Қазақстан» шахтасының үңгушісі Еркін Ахметовке «Ерлігі үшін» медалін табыс етті.
Құралай ЖҰМАҒАЛИҚЫЗЫ,
«QH»