Мамандарға құрмет көрсетілді

Қазақстанда қазан айының соңғы жексенбісінде Әлеуметтік қорғау жүйесі қызметкерлерінің күні аталып өтеді. Осы кәсіби мерекеге орай Қарағанды қаласының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев саланың үздік мамандарын марапаттады.

– Әлеуметтік қызметкердің жұмысы өте ауыр. Олар тағдыр тауқыметін тартқан әр адамның жан дүниесіне үңіліп, сырласады. Қоғамға бейімдеп, жан-жақты қолдау көрсетеді. Қазір осы салада 400-ден астам маман еңбек етіп жүр. Жыл басынан бері олар 62 мың адамға түрлі әлеуметтік көмек көрсеткен. Аса жауапты жұмыста тек алғыс арқалап, абыройға ие бола беріңіздер, – деді Ермағанбет Бөлекпаев Әлеуметтік сала қызметкерлері күніне арналған салтанатты шарада.

Қоғамдық кеңес жанындағы бюджет, экономика, қаржы және бизнесті дамыту мәселелері жөніндегі тұрақты комиссияның төрағасы Александр Куприенко «Шапағат» медалін алса, еңбегімен көзге түскен тағы 21 адамға шаһар басшысының құрмет грамотасы мен алғысхаты табысталды.

Салтанатты шараның соңы концертке ұласты. Жергілікті өнерпаздар ән мен жырдың тиегін ағытып, жиылғандарға рухани ләззат сыйлады.

Асыл АЙБЕК,

«QH»