Мүмкіндіктер жәрмеңкесі
Кеншілер астанасында қала әкімдігінің қолдауымен мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған жәрмеңке өтті. Аталған шараны «Тең қоғам» әлеуметтік бейімдеу орталығы алғаш рет кеңейтілген деңгейде ұйымдастырды. Жәрмеңкеге Қарағанды қаласы әкімінің орынбасары Ләззат Ақылжанова қатысты.
Мүмкіндігі шектеулі жандар жәрмеңкеге тек мәселелерін жеткізуге ғана емес, сондай-ақ тұрақты жұмыс орнын қарастыруға келген. Шараны ұйымдастырушылардың айтуынша, кездесуге шамамен 15 шақты жұмыс беруші шақыртылған. Мүгедектігі бар адамдарға ыңғайлы еңбек жағдайын бере алатын кәсіпорындар іріктелініп алынған.
– Мұндай кездесулер өте маңызды. Себебі, мүгедектігі бар адамдар немесе мүгедек баласы бар отбасылар көп әлеуметтік ұйымдардың табалдырығын тоздырады. Медициналық дәрі-дәрмек, көрсетілетін көмек және де тағы да басқа көптеген мәселелердің жауабын іздеп біздің орталыққа келеді. Алайда, біздің барлық мәселені шешуге құзырымыз жетпейді. Тең қоғам ұйымының ұйымдастырған жәрмеңкесі және жалпы орталықтың өзі мүмкіндігі шектеулі жандарға көмектеседі, – деді Қарағанды қаласы әкімінің орынбасары Ләззат Ақылжанова.
Сондай-ақ мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған мүмкіндіктер жәрмеңкесіне үкіметтік емес ұйымдар мен мемлекеттік мекемелер қатысты. Азаматтар өздерінің мәселелерін құзырлы органдарға жеткізіп, сұрақтарына жауап алды. Мәселен, көп жағдайда олар интернет алаяқтыққа қарсы қандай шаралар қолдануға болатынын және алаяқтық орын алған жағдайда не істеу керектігі жөнінде тәртіп сақшыларынан сұрады. Жәрмеңке кеңейтілген түрде шаһарымызда алғаш рет өткізіліп отыр. Алайда ұйымдастырушылардың айтуынша, «Тең қоғам» мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік бейімдеу орталығына кез-келген уақытта келіп кеңес алуға болады. Болашақта мүмкіндігі шектеулі жандарға араналған кездесулер әлі де өткізілетін болады, дейді ұйым өкілдері.
Жұпар ТОНТАЙТЕГІ,
«QH»
Фото ашық дереккөзден