Әлеуметтік жоба

Қарағанды облысында «Jumys Tap» әлеуметтік жобасы бастау алды. Аталмыш жобаның игілігі – сол: кез келген адам қысқа уақыт ішінде жаңа мамандықты тегін меңгереді. Әлеуметтік жобаның әлеуетке пайдасы зор.

«Jumys Tap» әлеуметік жобасы кез келген жанға пайдалы болғалы отыр. Бұл бастама біздің облыста 25 маусымнан бастап пилоттық жоба ретінде іске қосылды. Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында әлеуметтік жобаның жай-жапсарын түсіндірген жауапты басқарма өкілдерінің айтуынша, «Jumys Tap» жобасы аясында жұмыс орнына ресми тіркелген тұрғындар, жұмыссыз жандар, жалпы студенттер, зейнеткерлік жасқа дейінгі адамдар, қосымша кәсіп меңгергісі келетін, жұмыс орнын ауыстыруға ниет білдірген азаматтарды осынау жоба аясында жұмысқа орналастыруға әрі оқытуға мүмкіндік бар. Игіліктісі – сол: ниет болса, қысқа уақыт ішінде жаңа мамандықты тегін меңгеруге болады.

– Жобаны жүзеге асыру үшін келесі құралдар қолданылады. Бірінші – кеңес беру пункті. Ірі сауда орталықтары мен базарларда, адам көп жиналатын орындарда ұйымдастырылады. Қарағандыда үш орында орналасқан, – дейді Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Әсем Жүнісбекова.

«Jumys Tap» жобасы аясындағы қолдаудың екінші тәсілі – ірі кәсіпорындар мен шағын және орта бизнес өкілдерінің өтінімдеріне орай тегін түрде жеделдетілген оқу курстарын ұйымдастырып, ниетті жандарды оқыту. Бұл ретте курсқа оқыту колледждер базасында, оқыту орталықтарында өтеді. Айта кетері – осыған дейін мансап орталықтарында ресми түрде жұмыссыз деп танылған жандарға әлеуметтік қолдау көрсетілсе, «Jumys Tap» пилоттық жобасы шеңберінде азаматтардың жұмыспен қамтылу мәртебесіне, жасына, тіркеуде бар-жоғына қарамастан оқытуға, жұмысқа орналастыруға жәрдемдесе алатынын айтты басқарма басшысы.

Жоба аясында кеңес беру пункттері жұмыс күндері сағат 10-нан кешкі 5-ке дейін түскі үзіліссіз қызмет ұсынбақ. Ал бүгінде қарағандылықтардан курстардан өтуге өтінім қабылдануда. Оқу 1 тамызда бес колледж базасында өтеді. Курстың ұзақтығы 5-тен 30 күнге дейін. Бұл курстар негізінен жастарға арналған. Оқыту барысында теориялық біліммен қоса тәжірибелік дәрістер де өткізіліп, курсты тәмамдаған соң, мемлекеттік үлгідегі сертификат беріледі. Жоба аясында жастарды жұмысқа орналастыру үшін Тәттімбет көшесі, 709 мекенжайында арнайы орталық ашылды.

Айдын ШАЛАТАЙҰЛЫ, «QH»