Кәсіпке қолдау – қала экономикасына серпін

Қарағандыда кәсіпкерлерді қолдауға бағытталған мемлекеттік бағдарламалар нақты жобалардың жүзеге асуына мүмкіндік беріп отыр. Қайтарымсыз грант алған кәсіпкерлер бизнестерін кеңейтіп қана қоймай, жаңа жұмыс орындарын ашып, балаларға арналған әлеуметтік және білім беру қызметтерін дамытуға, отандық өнім өндірісін жолға қоюға үлес қосуда.

Кәсіпкерліктің дамуы – экономиканың негізгі қозғаушы күштерінің бірі. Ал оның әлеуметтік бағытқа ие болуы қоғам үшін маңызын одан әрі арттыра түседі. Бүгінде мемлекеттік қолдау тетіктері тек бизнес бастауға емес, жұмыс істеп тұрған кәсіпті кеңейтуге, жаңа өндіріс ашуға және халыққа қажетті қызмет түрлерін дамытуға бағытталып отыр.

Осындай мүмкіндіктердің бірі – Бірыңғай кешенді қолдау бағдарламасы аясында берілетін мемлекеттік гранттар. Қаржылай қолдау әлеуметтік кәсіпкерлік субъектілеріне және «Бір ауыл – бір өнім» бағдарламасының финалистеріне ұсынылады. Грант көлемі – 5 миллион теңгеге дейін. Қаражатты кәсіпкер құрал-жабдық, шикізат пен материалдар сатып алуға және қолданыстағы жобасын кеңейтуге пайдалана алады.

Грант қайтарымсыз негізде беріледі. Алайда оны алу үшін кәсіпкердің жобаны іске асыратын үй-жайы болуы және жаңа жұмыс орындарын құруы қажет. Сонымен қатар өтінімдер конкурстық негізде қаралады. Комиссия жобаның әлеуметтік бағыттылығын, нарықтағы сұранысын, бәсекеге қабілеттілігін, маркетингтік зерттелуін, өндірісті ұйымдастыру жоспарын және өткізу нарығын бағалайды.

Яғни мемлекеттік қолдауға ие болу үшін жақсы идеяның болуы жеткіліксіз. Кәсіпкер өз жобасының өміршеңдігін, нақты сұранысын және оны жүзеге асыру мүмкіндігін дәлелдеуі тиіс.

Қарағанды облысының кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы басшысының орынбасары Расул Қасенханның айтуынша, өңірде микро және шағын кәсіпкерлікті дамытуға ерекше көңіл бөлініп отыр.

«Қарағанды облысында микро және шағын кәсіпкерлікті дамытуға үлкен мән берілуде. Мемлекеттік гранттар Бірыңғай кешенді қолдау бағдарламасы аясында беріледі. Оның көлемі 5 миллион теңгеге дейін жетеді. Сонымен қатар облыс басшылығының қолдауымен жыл сайын шамамен 50 жобаға 125 миллион теңге көлемінде қаржыландыру қарастырылады. Грантты барлық кәсіпкер немесе кез келген стартап ала алмайды. Қолдау әлеуметтік кәсіпкерлерге және “Бір ауыл – бір өнім” бағдарламасының финалистеріне бағытталған», – деді Қарағанды облысының кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы басшысының орынбасары Расул Қасенхан.

Басқарма өкілінің мәліметінше, әлеуметтік кәсіпкерлерге қаржылай грантпен қатар басқа да қолдау түрлері көрсетіледі. Олардың қатарында бизнес-жоспар әзірлеуге көмектесу, жобаны сүйемелдеу, салықтық есептілікті тапсыру бойынша кеңес беру және кәсіпкерге қажетті басқа да қызметтер бар. Яғни қолдау тек қаржы берумен шектелмей, жобаны іске асырудың кейінгі кезеңдерін де қамтиды.

Бағдарламаның нақты нәтижесі бар. 2023–2025 жылдары Қарағанды облысында жалпы сомасы 241 миллион теңгені құрайтын 50 грант берілген. Оның ішінде 2023 жылы – 30, 2024 жылы – 12, 2025 жылы 8 жоба қолдауға ие болған.

Мемлекеттік қолдаудың тиімділігін осы гранттарды алған кәсіпкерлердің жобаларынан көруге болады.

 

Балаларға қажетті қызметті кеңейткен жоба

Солардың бірі – Теміртау қаласында жұмыс істейтін «DRC BALA» ЖШС. Компания басшысы Арай Қасымханова 2025 жылы 5 миллион теңге көлемінде грант алып, балаларды оңалту орталығының қызметін кеңейтуге мүмкіндік алды.

«Bala» балаларды оңалту орталығы 2020 жылы іске қосылған. Бес жыл ішінде орталық неврологиялық бұзылыстары бар балаларға көмек көрсетіп, тәжірибе жинақтап, ата-аналардың сеніміне ие болған. Қалыптасқан сұраныс пен оң нәтижелер бизнесті кеңейтуге негіз болып, грант қаржысы коррекциялық кабинет ашуға бағытталды.

«Мемлекеттік грант бізге бұрыннан қалыптасқан тәжірибемізді жаңа деңгейге шығаруға мүмкіндік берді. “Bala” орталығын бес жыл бойы дамытып, балаларға қажетті қызметтерді көрсетіп келеміз. Гранттың арқасында коррекциялық кабинет ашып, қызмет түрлерін кеңейтуге мүмкіндік алдық. Ең бастысы – бұл қолдау балаларға көрсетілетін көмектің сапасы мен қолжетімділігін арттыруға бағытталды», – деді «DRC BALA» ЖШС басшысы Арай Қасымханова.

Бұл жоба кәсіпкерліктің әлеуметтік мәселелерді шешуге қосатын үлесінің нақты мысалы. Бизнестің кеңеюі балаларға қажетті қызметтердің қолжетімділігін арттырумен қатар жүріп отыр.

 

Білімге бастайтын технология

Мемлекеттік қолдаудың тағы бір мысалы – «4kidsclub» ЖШС жобасы. 2024 жылы компания балаларға арналған білім беру робототехника орталығын ашу үшін 5 миллион теңге көлемінде грант алған.

Орталық 6-14 жас аралығындағы балалардың STEM бағытындағы білімін дамытуға арналған. Мұнда жасөспірімдер робототехниканың негіздерін үйреніп, түрлі модельдер құрастырып, оларды бағдарламалауға машықтанады. Жарыстар мен турнирлерге қатысу арқылы балалардың командалық жұмыс, шығармашылық және сыни ойлау дағдылары қалыптасады.

Жоба жетекшісі Гүлнара Шоканова мемлекеттік қолдау жаңа білім беру ортасын қалыптастыруға мүмкіндік бергенін айтады.

«Біздің басты мақсатымыз – балалардың техникалық білімге деген қызығушылығын арттырып, олардың шығармашылық қабілеттерін дамыту. Робототехника арқылы бала тек робот құрастырып қана қоймайды, ол мәселені шешуді, топпен жұмыс істеуді, қателіктерден сабақ алуды үйренеді. Мемлекеттік грант осы идеяны жүзеге асырып, балалар үшін заманауи білім беру ортасын қалыптастыруға үлкен мүмкіндік берді», – дейді «4kidsclub» ЖШС басшысы Гүлнара Шоканова.

Мұндай жобалардың маңызы – баланың бүгінгі қызығушылығын дамытуымен ғана шектелмейді. Техникалық және инженерлік бағыттарға ерте жастан баулу болашақ мамандық таңдауға да ықпал етеді.

 

Ұлттық өнімге жаңа мүмкіндік

Мемлекеттік қолдаудың тағы бір бағыты – «Бір ауыл – бір өнім» бағдарламасының финалистеріне берілетін гранттар. Бұл бағыт отандық өнім өндірумен айналысатын шағын кәсіпкерлерге өз жобаларын кеңейтуге мүмкіндік береді.

2025 жылы жеке кәсіпкер Дәмелі Ермекова 5 миллион теңге көлемінде грант алып, қолөнерге арналған жиынтықтар, дамытушы ойыншықтар және киізден жасалған бұйымдар өндіру жобасын дамытуға кірісті.

Жобаның ерекшелігі – табиғи материалдарды пайдалану, өнімнің экологиялық қауіпсіздігі мен қолжетімділігін қамтамасыз ету. Киізден жасалған бұйымдардың өзіндік дизайны мен функционалдығы да кәсіпкерліктің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға бағытталған.

«Біз табиғи материалдарды пайдалана отырып, балалар мен ересектерге арналған шығармашылық жиынтықтар, дамытушы ойыншықтар және киізден жасалған бұйымдар шығаруды көздеп отырмыз. Біздің мақсатымыз – сапалы әрі қолжетімді отандық өнім ұсыну. Сонымен қатар жобамыз арқылы жаңа жұмыс орындарын құрып, қолөнер мен шығармашылықты насихаттағымыз келеді. «Бір ауыл – бір өнім» бағдарламасы бізге өз өнімімізді дамытуға және оны жаңа деңгейге шығаруға үлкен мүмкіндік берді», – деп атап өтті жеке кәсіпкер Дәмелі Ермекова.

Өңірде қолдау алатын жобалардың бағыты да сан алуан. Кәсіпкерлер палатасы мен мемлекеттік органдардың өкілдері атап өткендей, «Бір ауыл – бір өнім» аясында негізгі талаптардың бірі – жергілікті өнімнің үлесін арттыру. Сондықтан жоба тек ұлттық қолөнермен шектелмейді. Әлеуметтік қызмет көрсету, білім беру, өндіріс және басқа да бағыттағы бастамалар да қолдау таба алады.

Өкілдің айтуынша, қолдау алушылар арасында ұлттық өнер мен қолөнер жобалары, білім беру және дамыту орталықтары, сондай-ақ өндірістік бағыттағы кәсіптер жиі кездеседі. Бұл шағын бизнестің өңір экономикасындағы мүмкіндіктерінің кең екенін көрсетеді.

Мемлекеттік гранттың тағы бір маңызды ерекшелігі – кәсіпкерге тек қаржылай көмек көрсету емес, жобаны іске асыруға дейін және одан кейін сүйемелдеу мүмкіндігінің қарастырылуы. Кәсіпкерлерге бизнес-жоспар әзірлеу, кеңес беру және қажетті рәсімдер бойынша қолдау көрсетіледі.

Бір жобаның артында – баланың денсаулығы, екіншісінің артында – жас ұрпақтың білімі, үшіншісінің артында – отандық өнім мен жаңа жұмыс орындары тұр. Бұл мысалдар мемлекеттік қолдаудың кәсіпкер үшін ғана емес, қоғам үшін де нақты нәтижеге айналатынын көрсетеді.

Қарағандыда кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған мұндай тетіктер шағын бизнестің әлеуетін арттырып, әлеуметтік мәселелерді шешуге, жаңа жұмыс орындарын құруға және жергілікті өнім өндірісін дамытуға жол ашып отыр.

Кәсіпкердің идеясы нақты жобаға, ал мемлекеттік қолдау сол жобаның тұрақты іске айналуына мүмкіндік берген кезде оның пайдасы бүкіл қоғамға тиеді. Сондықтан кәсіпкерлікті қолдау – экономиканы дамыту ғана емес, қала тұрғындарының әл-ауқатын арттыруға бағытталған маңызды құрал.

Жұпар АМАНБАЙҚЫЗЫ,

«QH»