Көкжөтелден қорғанудың тиімді жолы – вакцинация

Көкжөтел – тыныс алу жолдарын зақымдайтын жұқпалы ауру. Ол әсіресе өмірінің алғашқы айларындағы нәрестелер үшін қауіпті. Себебі бұл кезеңде сәбидің инфекцияларға қарсы иммундық жүйесі әлі толық қалыптасып үлгермейді.

Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, жүктілік кезінде анадан балаға белгілі бір мөлшерде қорғаныш антиденелері беріледі. Алайда олардың деңгейі уақыт өте төмендейді. Көкжөтелге қарсы вакцинация ана ағзасындағы қорғаныш антиденелердің мөлшерін арттырып, нәрестені өмірінің алғашқы кезеңінде инфекциядан қорғауға көмектеседі.

Бұл қорғаныс уақытша болғандықтан, баланы вакцинациялау да маңызды. Ұлттық егу күнтізбесіне сәйкес, көкжөтелге қарсы алғашқы екпе балаға 2 айдан бастап жасалады. Кейін вакцинация белгіленген мерзімдерге сәйкес жалғастырылады. Бұл аурудың алдын алып қана қоймай, инфекция жұққан жағдайда оның ауыр өту қаупін азайтуға мүмкіндік береді.

Мамандар ата-аналарға баланың екпе күнтізбесін сақтап, вакцинациядан бас тартпауға кеңес береді. Сонымен қатар сәбимен тығыз қарым-қатынаста болатын отбасы мүшелерінің де өз денсаулығына жауапкершілікпен қарауы маңызды.

Көкжөтел ересектерде нәрестелердегідей ауыр белгілермен байқалмауы мүмкін. Кей жағдайда ол ұзаққа созылған қарапайым жөтел ретінде өтіп, адам инфекцияны өзі байқамай балаға жұқтыруы ықтимал. Сондықтан отбасы мүшелерінің вакцинация мәселесіне мән беруі – кішкентай сәбидің денсаулығын қорғаудың маңызды шараларының бірі.

Вакцинация – көкжөтелдің алдын алудың ең тиімді тәсілдерінің бірі. Әсіресе өмірінің алғашқы айларындағы балаларды қорғау үшін екпені уақытында алу және Ұлттық егу күнтізбесін сақтау қажет.

Жанайым ЖАЛҒАС,

«QH»