Ескекшілер жүлделі орындардан көрінді
Түркістан қаласында жастар мен жасөспірімдер арасында байдарка мен каноэде есуден өткен Азия чемпионатында Қазақстан құрамасы табысты өнер көрсетіп, құрлықтық додада 40-тан астам медаль иеленді. Ел намысын қорғаған спортшылардың қатарында Қарағанды облысының өкілдері де жоғары нәтиже көрсетіп, жеті алтын, екі күміс және төрт қола жүлдені қоржынға салды.
17 мемлекеттен 350-ге жуық спортшы қатысқан беделді жарыс Азиядағы мықты ескекшілердің басын қосты. Бірнеше күнге созылған тартысты бәсекеде жас спортшылар жыл бойы жүргізген дайындықтарының нәтижесін көрсетіп, халықаралық деңгейдегі шеберліктерін дәлелдеуге мүмкіндік алды.
Чемпионаттағы ең жарқын жетістіктердің біріне қарағандылық Дмитрий Холмогоров қол жеткізді. Ол байдаркамен жекелей сында 500 және 1000 метр қашықтықтарда қарсыластарына мүмкіндік бермей, екі алтын медаль жеңіп алды. Сонымен қатар екілік байдарка жарысында 500 метрлік қашықтықта да мәреге бірінші болып жетіп, үшінші алтын жүлдесін еншіледі.
Дмитрий Холмогоров аралас экипаж құрамында да табысты өнер көрсетті. Бұл сында ол күміс медаль иеленсе, дәл осы санаттағы 1000 метрлік жарыста қола жүлдеге қол жеткізді. Азия чемпионатындағы жоғары нәтижесінің арқасында спортшы енді қыркүйек айында Жапонияда өтетін Азия ойындарында Қазақстан ұлттық құрамасының сапында бақ сынайтын болды.
Қарағандылық тағы бір спортшы Вероника Трапезникова да үш дүркін Азия чемпионы атанып, өзінің жоғары деңгейдегі дайындығын дәлелдеді. Ол екілік байдаркамен 200 және 500 метр қашықтықтарда алтын медаль жеңіп алып, кейін төрттік байдарка құрамында да чемпиондық тұғырдың ең биік сатысына көтерілді. Облыс қоржынына кезекті алтын жүлдені Алексей Ширман салды. Ол Қазақстан құрамасының К-4 экипажы құрамында 500 метрлік сайыста жеңіске жетіп, командалық жарыста үздік атанды.
Каноэ бағдарламасында да қарағандылық спортшылар жүлдесіз қалған жоқ. Мария Карманова «С-4» санатында 500 метр қашықтықта күміс медаль иеленсе, Ульяна Иванова «С-2 микс» және «С-4» санаттарындағы 500 метрлік жарыстарда екі бірдей қола жүлдеге қол жеткізді. Ал Денис Кленин екілік байдаркамен 1 000 метр қашықтықта өнер көрсетіп, Азия чемпионатының қола жүлдегері атанды.
Қарағанды облысының байдарка мен каноэде есу бойынша аға жаттықтырушысы Владимир Петров мұндай нәтижелердің кездейсоқ емес екенін атап өтті.
– Бұл жетістік – ұзақ әрі тыңғылықты дайындықтың жемісі. Біздің спортшылар, әдетте, жоғары нәтиже көрсетіп келеді. Чемпионаттағы бәсекелестік өте жоғары. Дегенмен, спортшыларымыз өз деңгейін дәлелдеп, халықаралық аренада ең жоғары орындар үшін күресе алатынын көрсетті. Түркістандағы жаңа есу арнасы халықаралық стандарттарға толық сәйкес. Жоғары деңгейдегі оқу-жаттығу жиындары мен беделді жарыстарды сапалы өткізуге мүмкіндік береді, – деді ол.
Мамандардың айтуынша, Түркістанда салынған заманауи есу кешені халықаралық талаптарға толық сай келеді және құрлықтық деңгейдегі жарыстарды өткізуге мүмкіндік береді. Бұл өз кезегінде қазақстандық ескек есу спортының дамуына тың серпін беріп, жас спортшылардың тәжірибе жинауына жағдай жасап отыр. Жеңімпаздар мен жүлдегерлер енді алдағы халықаралық жарыстарда ел намысын абыроймен қорғап, жаңа белестерді бағындыруды мақсат етіп отыр.
Ералы Ғани
«QH»

