Ерте қолдау орталығы өз жұмысын бастады
Қарағандыда ерекше қажеттіліктері бар балаларды ерте кезеңнен қолдауға бағытталған маңызды әлеуметтік жоба қолға алынды. Жаңа орталық ата-аналарға кәсіби кеңес алып, балалардың дамуын дер кезінде түзетуге мүмкіндік береді. Бұл игі бастама «Мүмкіндіктер уақыты» жобасы аясында жүзеге асып отыр. Жобаны «Дара» қоры «Шеврон» компаниясының қолдауымен қолға алған. Жаңа орталықтың мақсаты – даму ерекшелігі бар бүлдіршіндерді уақытылы қолдап, олардың әлеуетін барынша ашуға жағдай жасау.
Ерте қолдау қызметі 3 жасқа дейінгі ерекше қажеттіліктері бар балалар мен олардың ата-аналарына көмек көрсетеді. Балаға өмірлік маңызды дағдыларды дамытуға бағытталған функционалдық әдістер қолданылады. Ата-аналар бала денсаулығын қалпына келтіру мүмкіндіктерін арттыру жолдарын меңгереді.
– Басты мақсатымыз – тұрғындарды тұрақты жұмыспен қамтамасыз ету және әлеуметтік қолдауды тиімді ұйымдастыру. Әрбір бағдарлама азаматтардың нақты қажеттіліктеріне бағытталған. Жобаларды өңірлік ерекшеліктер мен сұраныстарға сай икемдеу, сонымен қатар жаңа бастамаларды енгізу арқылы тиімділікті арттыруға болады, –дейді Қарағанды қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі басшысының орынбасары Бақытнұр Талипова.
Ерте қолдау қызметінің ашылу салтанатына балалар, олардың ата-аналары, әлеуметтік қызметкерлер және әлеуметтік қорғау мен ерте араласу саласының мамандары қатысты. Қызметкерлер балалардың дамуына арналған тиімді демонстрациялар мен шеберлік сабақтарын өткізді. Сала мамандары бұл шараның отбасылар үшін сенімді қолдау, кәсіби көмек және құнды білім беретініне сенім білдірді.
– Біз тіл дамыту, сенсорика, сенсомоторика сияқты дағдылардың қалыптасуына ықпал етеміз. Балалардың сөйлеу дамуы кешіксе, қозғалыс қабілеті тежелсе немесе өзін-өзі күту мен мінез-құлқына байланысты қиындықтар болса, көмек көрсетеміз. Ата-аналар үшін ерте қолдау қызметінің есігі әрдайым ашық, – деп атап өтті әлеуметтік көмек көрсету бөлімінің, әлеуметтік қызметкері Әсемгүл Төрегелдиева.
Гүлнафия Қайратқызы шараға ұлымен келді. Ол тұңғышының тілін дамыту үшін мамандармен бірге жұмыс істеп келеді. Ата-аналарға қолдау көрсететін қызметтің ашылғанына қуанышты екенін жеткізді.
– Мұндай орталық баламыздың қалыпты қабілетін дамытуға, сөйлеуіне, ойлауына және қарым-қатынас жасауына көмектеседі. Осындай орталықтардың бар екені біз үшін қуанышты. Ашылуға шақырғандарына алғысымды білдіремін. Бүгін менің ұлым Аймұрат ойындарға қатысып, жақсы нәтижеге қол жеткізді, – дейді ата-ана Гүлнафия Қайратқызы.
Жоба аясында дайындалған мамандар отбасыларға ерте қолдау қызметін көрсетеді. Егер 2024 жылы қызмет алушылар саны 170 болса, биыл бұл көрсеткіш 502 отбасына дейін өскен.
Қанағат ЭДУАРДҚЫЗЫ,
«QH»

