Емханадағы қызмет қолжетімді бола түсті

Қазақстанда емханалардың жұмыс тәртібі жаңарып, тұрғындарға медициналық қызмет алуды жеңілдетуге бағытталған өзгерістер енгізілуде. Енді учаскелік дәрігерлерге алдын ала 60 күн бұрын жазылуға мүмкіндік бар.

Бұған дейін дәрігер қабылдауына жазылу талондары негізінен екі апта бұрын ашылатын. Жаңа тәртіп пациенттердің өз бетінше жазылу мүмкіндігін кеңейтіп, медициналық көмекті алдын ала жоспарлауға жағдай жасайды.

Шұғыл медициналық көмек қажет болғанымен, жедел жәрдем шақыруды талап етпейтін жағдайлар үшін еліміздегі емханаларда 680 арнайы кабинет жұмыс істейді. Дене қызуы көтерілген, қан қысымы күрт жоғарылаған немесе созылмалы ауруы асқынған тұрғындар осы кабинеттерге жүгіне алады.

Сонымен қатар үй жағдайында шұғыл көмек көрсету үшін 995 мобильді бригада құрылды. Мейірбикелердің өз бетінше қабылдау жүргізу жүйесі де кеңейіп келеді. Олар бірқатар процедураларды орындап, қажетті құжаттарды рәсімдейді және созылмалы ауруы бар пациенттерді бақылауда ұстайды.

Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, мұндай өзгерістер медицина қызметкерлерінің жүктемесін тиімді бөлуге мүмкіндік береді. Нәтижесінде дәрігерлер диагноз қоюды және емдеуді қажет ететін пациенттерге көбірек уақыт бөле алады.

Жаңартылған тәртіптің негізгі мақсаты – медициналық көмектің қолжетімділігін арттырып, пациенттерге көрсетілетін қызмет сапасын жақсарту.

Құралай ӘЛЖАППАР,

«QH»

Сурет: ЖИ