Елімізде екі жылда 54 жаңа кен орны анықталды.

Қазақстанда геологиялық барлау жұмыстары жаңа кезеңге қадам басып келеді. Соңғы жылдары жер қойнауын зерттеу, жаңа кен орындарын анықтау және бұрынғы геологиялық деректерді жаңарту жұмыстарына басымдық берілуде.

2024-2025 жылдары еліміз бойынша 54 жаңа кен орны мемлекеттік есепке қойылған. Олардың қатарында Қарағанды облысындағы Құйрықтұкөл учаскесі де бар. Мұндағы сирек және жерде сирек кездесетін металдардың болжамды ресурсы шамамен 935 мың тонна деп бағаланып отыр. Бұл металдар қазіргі заманғы технологиялар үшін аса қажет. Олар электроника, жоғары технологиялық өндіріс және басқа да стратегиялық салаларда кеңінен қолданылады. Қазір геологиялық мәліметтерді цифрландыру жұмыстары да қатар жүргізіліп жатыр. Жүргізілген зерттеулердің нәтижелері бірыңғай электрондық базаға енгізілуде. Алдағы уақытта жинақталған ақпаратты жасанды интеллект пен Big Data технологиялары арқылы талдау жоспарланған. Бұл тәсіл жаңа перспективалы аумақтарды анықтап, геологиялық барлау жұмыстарын тиімді жүргізуге мүмкіндік береді.

Басты мақсатымыз – жер қойнауы туралы деректерді жүйелеп, жаңа перспективалы учаскелерді анықтау. Цифрлық технологияларды пайдалану бұл жұмысты жеделдетіп, салаға инвестиция тартуға жаңа мүмкіндік береді, деді ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі Геология комитетінің төрағасы Қанат Ерубаев.

Мамандардың айтуынша, геологиялық барлаудың жандануы Қазақстанның минералдық-шикізат базасын толықтыруға ғана емес, стратегиялық маңызы бар металдардың қорын арттыруға да жол ашады. Қарағанды облысындағы Құйрықтыкөл учаскесінің әлеуеті де осы бағыттағы жұмыстардың маңызын көрсетеді. Алдағы зерттеулер оның нақты қорын анықтап, кен орнын игеру мүмкіндіктерін бағалауға негіз болады.

Қанағат ЖИЕНҚҰЛОВА.

«QH»