Болашақ өз қолымызда

20 қарашада елімізде мерзімінен бұрын Президент сайлауы өтетіні бәрімізге мәлім. Осыған байланысты тұрғындардың дені «Сайлауға бару керек пе, жоқ па?» деген сан сауалға ден қоятыны анық.

Сайлауға бару – әрқайсымыздың азаматтық борышымыз. Біз бүгініміз бен болашағымызды, елдің даму бағытын өзіміз таңдаймыз. Яғни, ұрпағымыздың ертеңі бүгінгі біздің қолымызда. Бізде өзгеріс жасауға және еліміздің ертеңін жарқын қылуға мүмкіндік бар. Сол үшін шешім қабылдаймыз және ол үшін жауап береміз. Сайлауға қатысу үшін барлық жағдай жасалған.

Қазір Қазақстанда президент 7 жылда бір рет қана сайланады әрі қайта сайлауға тыйым салынады. Сондай-ақ, Мемлекет басшысы өз сөзінде: «Реформалар не үшін жүзеге асырылып жатыр деген сұрақ туындауы мүмкін. Мәселе мынада, президент лауазымын ұзақ уақыт бойы бір адам атқармауы керек. Әлемде болсын, біздің елде болсын, егер ұзақ жылдар бойы бір адам ғана жоғары лауазымға ие болса, мұндай жағдай бұл елге де, оның басшысына да құрмет көрсетпейді» деп айтқан болатын.

Мен сайлауға барып, сайлау учаскесінде өзімнің белсенді азаматтық ұстанымымды көрсетемін. Себебі, менің таңдауым – бұл мемлекетті басқару процесіне қатысу, билікке және елдің болашағына ықпал ету құқығы. Біздің дауысымызға ештеңе тәуелді емес деп, дауыс бермей, өздерінің билікке қатысты азаматтық ұстанымдарын білдіру мүмкіндігін жіберіп алатындар да бар.

Болашақ өзімізге, яғни, жақындарының, балалары мен немерелерінің, елдің тағдырына алаңдаушылық танытатын адамдарға байланысты.

Әркімнің жауапкершілігі, міндеттері, жеке пікірі бар және оны айтуға құқылы. Менің ойымша, сайлауға бару және дауыс беру – дұрыс шешім. Өзгергіміз келсе, құқықтық тұрғыда әрекет етуіміз керек. Оны біреу жасап береді екен деп, күтудің қажеті жоқ. Себебі, басқалар үшін өмір сүре алмаймыз. Болашақ – өз қолымызда!

Света ШАРДАРБЕКОВА,

ҚР Кәсіподақтар Федерациясының заң клиникасы филиалының басшысы