Бес асық – бүгінгі жастардың жаңа тренді
Ұлттық ойын – халқымыздың мәдениеті мен тарихын ұрпақтан ұрпаққа жеткізетін баға жетпес мұра. Соңғы жылдары қазақтың төл спорт түрлеріне деген қызығушылық артып, жастар арасында кеңінен насихаттала бастады. Солардың бірі – Бес асық. Бір кездері аула балаларының қарапайым ойыны саналған ұлттық мұра бүгінде республикалық және халықаралық жарыстардың бағдарламасына еніп, кәсіби спорт деңгейіне көтерілді.
Бес асықтың кеңінен танылуына республикалық және халықаралық жарыстардың ықпалы зор. Соның айқын дәлелі – ұлттық ойынның Халықаралық «Айбын» әскери-патриоттық жастар жиынының жарыс бағдарламасына енгізілуі. Бұл ұлттық спорттың мәртебесін арттырып қана қоймай, жас буынның қызығушылығын күшейте түсті.
Бұл спорт түрі ептілік пен шапшаңдықты ғана емес, дәлдік, зейін, логикалық ойлау және жылдам шешім қабылдау қабілеттерін де дамытады. Сондықтан бүгінде мектептерде, спорт секцияларында және әскери-патриоттық клубтарда кеңінен насихатталып келеді.
Ұлттық спортпен тұрақты айналысып жүрген жастардың бірі – Сарсенбаева Айдана Көпжасарқызы. Ол екі жылдан бері Бес асықтан түрлі жарыстарға қатысып, тәжірибе жинақтап келеді.
– Бес асық сырт көзге оңай көрінгенімен, үлкен дайындықты талап етеді. Бұл ойын шапшаңдықты, дәлдікті және төзімділікті қалыптастырады. Ең бастысы – жастарды ұлттық құндылықтарға жақындатады. Қазір қатарластарымның бұл спортқа қызығушылығы артып келеді. Түрлі жарыстар ұйымдастырылып, тәжірибе алмасуға мүмкіндік көбейді. Сондықтан ұлттық ойындардың болашағы зор деп ойлаймын, – дейді Айдана Сәрсенбаева.
Мамандардың пікірінше, ұлттық ойындар – жастардың бос уақытын тиімді ұйымдастырудың, салауатты өмір салтын қалыптастырудың және ұлттық құндылықтарды дәріптеудің маңызды тетігі. Бес асықтың білім беру ұйымдары мен республикалық жарыстарда кеңінен дамуы да осының дәлелі.
Бүгінде Бес асық жай ғана ойын емес, ұлттық болмысты дәріптейтін, жастарды ептілікке, төзімділікке және отансүйгіштікке тәрбиелейтін маңызды спорт түріне айналып отыр. Ұлттық мұраны заман талабына сай жаңғыртып жүрген жас спортшылардың белсенділігі оның алдағы уақытта да кеңінен дамуына берік негіз қалайды.
Қанағат ЖИЕНҚҰЛОВА,
«QH»

