Балалар әл-ауқатының индексі: қауіп пен күмән

Балалар әл-ауқатының индексі елімізде жанжалды жаңалық ретінде қызу талқыға түсуде. Мұндай көрсеткішті Білім және ғылым министрлігі анықтауға шешім қабылдады. Алайда бұл жаңашылдықты қоғам толық құптамады, көптеген ата-аналар мемлекет отбасымыздың жеке тірлігіне қол сұғуда деп есептеуде. Қазақстандық Ата-аналар одағы балалардың әл-ауқатының индексін бекіту туралы қаулыға қарсы министрге хат жолдады.

???????????????????????????????????????????????????????

«Индекс негізгі 4 бағыттан тұрады, олар: «Бала», «Отбасы және қоғам», «Мемлекеттік саясат», «Елдегі жағдай». Онда денсаулық сақтау, білім беру, құқық қорғау, тұрмыстық жағдай, қауіпсіздік, таза ауа, ауызсу, қалалық және ауылдық инфрақұрылым мәселелері қарастырылған. Индекс 56 индикатордан құрылған. Олардың жиынтығы қазақстандық жас ұрпақтың қазіргі жағдайынан нақты хабар беруі тиіс-міс.

Отбасының ортақ кірісін, атаананың жүрісін баққанша, балаға артылар тәуліктік мектеп жүктемесі, ата-ананың жұмыстан тыс балаға арнар уақытының қаншалықты жеткілікті екендігі, арғысын айтпағанда, белден болдыртар сөмке салмағын сұраса қайда қалды? – деп ата-аналар қапалы. – «Үйіңде интернет, компьютерің бар ма, ата-анаң қосымша оқытуға арналған кітаптар сатып әпере ме, күн сайын қанша көкөніс, жеміс жейсің?» деген сияқты сұрақтар қойылады екен. Сонда үйінде компьютері жоқ бала өзгелерден өзін кем сезінуі керек пе? Жоқ, әлде оқушы тәрбиелеп отырған отбасылардың әлеуметтік жағдайын саралаудың жалғыз жолы осы ма?»

Индекстік сауалнамаға секеммен қараған көптеген ата-ана баласына мектептегі кез келген сауалнаманы толтыра бермеу керектігін айтары анық. Солардың бірі көпбалалы Әйгерім Есенәлі мемлекет балалардың әл-ауқатының деңгейін жақсартқысы келсе, алдымен атааналардың жағдайына көңіл бөлуі керек деп санайды.

– Мемлекет алдымен жұмыс орындарын көбейтсін, көпбалалы ата-аналарды тұрғын үймен қамтамасыз ету жолын жүйелесін, жәрдемақылар мөлшерін арттырсын. Неліктен біз өзімізді Еуропамен, Германиямен салыстырамыз? Біздің көптеген таныстарымыз Германияға көшті, олар онда 2-3 жыл жұмыс істемейді, бірақ өте жақсы өмір сүреді. Бізде таңмен таласып тұрып, түнге дейін тірлік еткендер де қамсыз өмірге қол жеткізуі қиын. Біздегі күнкөрісті Еуропамен салыстыруға келмейді, – дейді көпбалалы ана.

Балалардың әл-ауқат индексін Білім министрлігі әзірлеген. Ондағы индикаторлардың үштен бір бөлігі сауалнама негізінде, қалғандары статистика мен министрліктердің ашық деректері негізінде шығарылады. Қазақстан Ата-аналар одағы да бұл қаулыға алаңдаулы. Себебі кейбір сұрақтар отбасының жеке кеңістігіне бас сұғуда, ал кейбіреулері ақылға сыймайды, мысалы, балалардың өмірге қанағаттануы, қорлау немесе күн сайын жеміс жеу мүмкіндігі жайлы сұрақтар. Мұндай сұрақтарға 10 жастан асқан балалар жауап береді.

Қазақстандық Ата-аналар одағы Қарағанды филиалының өкілі Елена Бантикованың пайымдауынша, сауалнама балаларды әр түрлі ойларға жетелейді. Яғни «иә», «жоқ» деген жауаптар жоқтың қасы:

– Мысалы, «отбасында зорлықзомбылық немесе мектепте зорлықзомбылық бар ма?» деген секілді сауал бар. Бұл индекстің барлық тармақтарын оқысаңыз, ата-аналар мен балаларды бір-біріне жатбауыр қылатындай. Ойын толық қорыта білмейтін 10 жасар бала үшін атаананың тәртіптік талабы қорлық болып қабылдануы да мүмкін ғой. Мүмкін, біз дүрбелеңге түсіп жатқан шығармыз, бұл тәсіл балаларды қорғау үшін жасалып жатқан шығар. Бірақ отбасының ортасына түсіп, ата-ана мен бала арасындағы қатынасты құлдыратып жібермесе игі.

Министрлік болса:

– Әл-ауқаттық индекс әр түрлі салалардағы балалардың жағдайын жақсарту жөніндегі ұлттық саясаттың тиімділігін қадағалау үшін қажет. Ол нақты отбасылар бойынша есептелмейді. Тек қалалар, аудандар, облыстар бойынша ғана жалпы мәліметтер шығады. Ата-аналар мен балалардың жеке деректері көрсетілмейді. Балаларға сауалнама ата-аналарының рұқсатымен деректік құпиялық тәртіппен жүргізіледі, – деп басу айтты.

ҚР БҒМ Балалардың құқықтарын қорғау комитеті төрағасының орынбасары Дулат Жекебаев индекстік мәлімет жинаудың өзіндік мәні бар екенін былай деп түсіндірді:

– Нақты қандай да бір стратегиялық мәселелерді, саяси мәселелерді, әсіресе ақша бөлу кезінде, депутаттардың жергілікті бюджеттерді қарастыруы кезінде талдау, мониторинг болуы керек. Сол кезде бірінші кезекте осы индекс арқылы, барлық осы индикаторлар бойынша толық көріністі көруге болады. Қай жерде қандай мәселе ақсап тұрғанын көруге болады. Мысалы, облыс деңгейінде мәслихат депутаттары үшін бюджетті қарау кезінде олар «иә, осы ауданға спортқа көбірек көңіл бөлейік, себебі индекс бойынша балалардың аз қамтылғаны көрініп тұр» дегендей болжамды ақпармен қанық болады.

Дулат Жекебаевтың айтуынша, орталық мемлекеттік органдарға стратегиялық құжаттарды қабылдау кезінде мониторинг пен талдау қажет, 2022-2023 жылдардағы серпінді көру керек. Балалардың әл-ауқат индексін әзірлеу кезінде 50-ден астам кеңес өткізіліп, өңірлерде талқыланды, онлайн дауыс беру өткізіліп, халықаралық тәжірибелер ескерілген екен. Халықаралық тәжірибені ескерген жөн, бірақ халықтың қамсыз өмірі сол халықаралық стандарттардың озығына ойысса құба-құп. Индексті жетілуге икемдеу деп сенейік, бастысы, игілігін балалар сезінсе болғаны.

Әсел ҚҰСАЙЫНҚЫЗЫ

QH.