Балалар үйінде шеберханалар ашылды

Қарағандылық балалар үйінің тәрбиеленушілері енді ерте бастан мамандық таңдап қана қоймай, сол бойынша білімдерін жетілдіріп, тәжірибеден өте алады. Екі бірдей балалар үйінің 190-ға жуық тәрбиеленушісі «Кәсіптік бағдар» жобасы бойынша оқытылатын болды. Ол үшін демеушілер бүлдіршіндердің білім алатын сыныптарын жаңа технологиялармен жабдықтап берді.

Мүмкіндігі шектеулі балалар үйінде 133 жеткіншек бар. Олардың әрқайсысының алдағы арман-мұраты сан алуан. Мысалы, Дмитрий Вилутис болашақта аспаз болуды армандайды. Енді біліктілігін тәжірибе жүзінде жетілдіруге тың мүмкіндік пайда болғанына қуанышты. «Аспаздық өнер маған қатты ұнайды. Қазіргі заманда бұл – табысы мол мамандық. Әсіресе тәтті тағамдар мен торт өнімдерін пісіргім келеді. Қазір үйреніп алсам, болашақта пайдасы тиеріне сенімдімін», – деп марқаяды ол.

«Таңшолпан» балалар үйінде де 63 жеткіншек бар. Бүгін демеушілер есебінен мұндағы бірқатар арнайы сыныптар да жаңа құрылғылармен толықты. Мысалы, тігін шеберханасына жаңа машиналармен қатар үтік және өзге де тұрмыстық техникалар қойылса, ұлдарға арналған шеберхананы жабдықтауға демеушілер 4,5 млн теңгеге жуық қаржы жұмсаған. «Бүгінгі таңда облыста 5 бірдей мемлекеттік балалар үйі бар. Ең бірінші мәселе – осы балаларды еңбекке баулу. Бүгінгі «Аяла» қоры ашқан жоба – бірінші жоба. 4 бағдарлама берген, сол біреуін ұтып алған. Сондықтан осы «Аяла» қорымен жұмыс жалғасады деп ойлаймын», – дейді Облыстық білім басқармасының бөлім басшысы Алма Қаңтарбаева.

– Біз осы оқу орындарын бітіргеннен кейін балалардың өмір сүруге, оқуды жалғастыруға және дамуға көмектесетін пайдалы практикалық дағдыларға ие болғанын қалаймыз, бірақ бастысы – өздеріне жұмыс табу. Жобаны іске асырудың 10 жылы ішінде қор ұйымдастырған кәсіптік бағдарлау курстары арқылы мыңнан астам жасөспірім өтті, – деп атап өтті «AYALA» қайырымдылық қорының президенті Айдан Сүлейменова.

Қос бірдей балалар үйінде тәлім алатын 190 бала «Кәсіби бағдар» аясында білімдерін жаңа деңгейге көтереріне қуанышты. Ал қайырымдылық қор алдағы уақытта осындай жобаны елдің өзге де өңірлерінде жалғастырмақ ниетте.