Балалар қауіпсіздігі басты назарда

Еліміздің барлық мектебінде соңғы қоңырау сыңғырлап, оқушылар жазғы демалысқа шықты. Биылғы соңғы қоңырау рәсімінің бір ерекшелігі 1 маусым – Балаларды қорғау күнімен тұспа-тұс келуінде. Осыған орай облыс әкімі Ермағамбет Бөлекбаевтың төрағалығымен өткен аппарат кеңесінде жазғы маусымда балалар қауіпсіздігін қорғау мәселесі талқыланды.

Ойын баласы жаз кезінде көп уақытын далада өткізеді. Бұл олардың дұрыс өсіп-жетілуіне, денсаулықтарының жақсы болуына қажет-ақ. Әйтсе де көптеген қайғылы оқиға да сыртта, оның ішінде суайдындарда орын алып жатады. Сондықтан аймақ басшысы қауіпсіздік шараларын күшейтуді тапсырды.

– Балалар жазда ашық ауада көп уақыт өткізеді. Оларға барынша қауіпсіз жағдай жасалуы қажет. Жолдардағы, суайдындардағы қауіпсіздік мәселесіне ерекше назар аудару қажет. Мәдени-бұқаралық шараларға мүмкіндігінше көп бала тарту, оларды үйірмелер мен секцияларға жұмылдыру, кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігі туралы ата-аналармен әңгіме жүргізу керек, – деді Ермағамбет Бөлекбаев.

Биыл Қарағанды облысында 1 маусымнан 172 мың оқушының демалысы басталады. Оның 7 мыңнан астамы 11-сынып түлегі екен. Жазғы демалыспен және жұмыспен кәмелетке толмаған 150 мыңға жуық оқушы қамтылады. Оның 7 мыңнан астамы қала сыртындағы сауықтыру лагерьлеріне жіберіледі, ауыл мектептерінен 500 оқушы «Қазақстан халқына» қорының қаражаты есебінен демалады.

Сондай-ақ өңірде 5 маусымнан бастап мектеп жанындағы лагерьлер ашылады. Мұндай лагерьлер облыста алғаш рет ерекше білім беру қажеттіліктері бар 360 балаға арналған арнайы мектеп-интернаттар базасында жұмыс істейтін болады. Сонымен қатар маусым айында өңірде «Қауіпсіз жаз», «Қауіпсіз аттракцион», «Қауіпсіз лагерь», «Қауіпсіз алаң» ауқымды профилактикалық акциялары өтеді.

Кәмелет жасына толмаған оқушылардың қауіпсіздік мәселесі қашан да күн тәртібінен түскен емес. Әсіресе жазғы маусымда олар үшін қолайлы жағдай жасап, ұдайы бақылауда ұстаудың маңызы зор. Бұл ретте аймағымызда балаларға қарсы қылмыстардың интерактивті картасы ұсынылғанын да атап өткен жөн. Жоба Қарағанды облысының әкімдігінде кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссия отырысында таныстырылды.

– Бұл – балалар құқығын қорғау саласында жұмыс істейтін кез келген адам үшін жақсы аналитикалық құрал. Бұл карталар профилактикалық жұмыстарды тиімді жоспарлауға мүмкіндік береді. Олардың интернет пайдаланатындардың барлығы үшін қолжетімді болуы маңызды, – деп атап өтті Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Ербол Әліқұлов.

Ұсынылған интерактивті карталарды ҚР Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитеті әзірлеген.

 Арман ӘБІЛҚАСЫМ,

«QH»