Бағыты айқын, мақсаты анық ақсақал

Көңілдегі көркем ойды, жаныңды жегідей жеген идеяңды көпшілікке жеткізіп, қоғамнан қолдау табу үшін не істеу керек? Өткен күндерге зер салсақ, адам өз ойын өзгеге айтудың түрлі жолын таңдайды екен. Біреулері көлдей мақала, том-том кітап жазады. Келесілері ел назарын өзіне аударатын әрекет жасайды. Сол арқылы әуелі танымал болып, кейін ойын айта бастайды. Біздің кейіпкеріміз де – сондай жан. Бар ғұмырын еңбекке арнаған Сәрсенбай Қотырашов есімді ұлытаулық азамат 72 жасқа толғанда «Қазақстанды жаяу аралаймын» деп жолға шықты. Басында оны ешкім түсінбеді. Ал қазір жұрт оның қажыр-қайратына таңдай қағуда. Өйткені ақсақалдың сапары – еріккен жанның ермегі емес…

Жасы жер ортасынан ауып кеткен қарт жиһанкездің алдына қойған үш мақсаты бар. Ең әуелгісі – ұлт ұясы Ұлытауды жалпақ жұртқа таныстырып, этнотуризмді дамытпақ. Екіншісі – ел арасындағы қолы алтын шеберлерді анықтап, мыңға жуық қолөнершінің басын қосуды көздейді. Осылайша олардың танылуына, ауыл арасында қалып кетпей, жасаған жұмыстарын әлемдік деңгейге шығаруға үлес қоспақ. Егер ақсақал осы сапарында мың шеберді тауып, қол жинаса, ЮНЕСКО ұйымы қазақ қолөнершілеріне арнап сайт ашады екен. Осылайша олардың жұмысын халықаралық көрмелерге жіберуге, шетелдік сатып алушылардың назарына ұсынуға жол ашылмақ. Үшіншісі – ұлттық Қымыз күні мейрамын күнтізбеге енгізуге ықпал жасамақ. Бұл ойын өзі барған елді мекендерде күтіп алған жұртқа айтып, жол бойында суретке түсу үшін тоқтап, жөн сұраған жандарға түсіндіріп келе жатыр екен.

– Қазақ даласында Қазан төңкерісіне дейін Қымыз күнін тойлау дәстүрі болған. Кейін билік большевиктердің қолына көшіп, алдымен ірі байлардың, одан соң ұсақ шаруаның малы тәркіленді. Соңы ұлы жұт – ашаршылыққа ұласты. Бұл аз болғандай, қазақ даласында 70 жыл бойы ұлтсыздандыру ұраны күш алып, тамырымыздан ажырап қалдық қой. Талай дүниеміз ұмытылды. Соның бірі – Қымыз күні. Мен жүрген жерімде «Қазақтың қандай ұлттық мейрамын білесіңдер?» деп сұрай жүремін. Елдің айтатыны – жалғыз мейрам Наурыз. Бірақ оның шығу тегі сонау парсы жұртына барып тірелетінін ғалымдар дәлелдеп қойған. Яғни дәл қазір Қазақстанның күнтізбесінде ұлттық мейрам жоқ. Менің көздегенім – осы кемшіліктің орнын толтыру. Осы сапарға шығардың алдында этнограф ғалымдармен сөйлескен едім. Олардың айтуынша, қазақ ертеде Қымыз күнін жайлауға толық көшіп болған сәт – жаздың ең ұзақ күні 22 маусымда тойлаған екен. Қазір бұл мерекені Ресейдің құрамындағы аз жұрт – саха халқы ғана атап өтеді. Біз ел ретінде осы бір дәстүрлі мерекемізді қайта тірілтуіміз қажет. Сонда ұтарымыз да көп болмақ. Алдымен ауылшаруашылығына қолдау танытамыз. Қымыздың насихатын келістіріп, оның саудасын қыздыруға ықпал етеміз. Қымыз ішкен адамның ағзасы тазарып, денсаулығы жақсаратыны анық. Демек, ұлттың да саулығына үлес қосамыз. Мұны екі деп қойыңыз. Үшіншіден, қымызды ұлттық сусын санайтын түбі бір түркі елдеріне үлгі болып, бұл мейрамды келешекте халықаралық деңгейде атап өтуге болар еді. Осы арқылы бауырлас елдердің арасындағы достық, бауырмалдық байланыстардың дамуына үлес қосамыз. Төртіншіден, Қымыз күнін жайлауда, кең далада атап өтсек, ұлттық ойындарсыз, дәстүрлі жыр-термесіз болмайды ғой. Демек, ұлттық мәдениетіміз де жаңғыра түсер еді. Бесіншіден, татардың сабантойы тәрізді бұл күнге әлем жұртшылығы назар аударып, этнотуризм де қарқын алар еді. Жаратқан жар болып, осы сапарды аяқтасам, ел атынан Президентке хат жазып, Қымыз күнін ұлттық мереке ретінде күнтізбеге қосуды ұсынбақпын. Оған дейін жүрген жерімде айтып, елге насихаттай беремін, – дейді Сәрсенбай Қотырашов.

Жиһанкез бұл сапарға шығу үшін арнайы дайындалмағанын айтады. Алайда осы ойға бекініп, көңіліне алып жүргеніне алты жылдан астам уақыт болыпты. Тек орайлы сәт биыл келген. Бұған Ұлытау облысының енші алып бөлек шыққаны да оң әсерін тигізген сыңайлы. Әрі бар ғұмырын еңбекке арнаған азамат соңында ұрпағына үлгі болар әрекетпен есте қалғысы келеді.

– Мені Гиннестің рекордтар кітабына енгіземіз дейді. Қазақстанда менің жасымда жаяу шығып, бәленбай мың шақырымды бағындырған жан жоқ екен. Жаза берсін. Көздегенім ол емес. Өмірден қарапайым адам, ұста болып қана өткім келмейді. Соңымда ұрпағыма үлгі болсам, халқыма қылаудай болса да пайдам тисе деймін. Қазірдің өзінде менің сапарым арқылы Ұлытауға, қазақтың өткен тарихына қызыққан, ел ішінде елеусіз жүрген шеберлерді еске түсірген жандар бар. Бұның өзі бағытымның айқын, мақсатымның анық екенін көрсетеді, – дейді жиһанкез.

Бір қызығы – туризмді дамыту бағытындағы түрлі бастамаға қаржыны оңды-солды шашатын, қыруар ақшаға шетелден аттай қалап әншілер мен спортшыларды шақыратын мемлекеттік органдар тарапынан ақсақалдың әрекетіне ешқандай қолдау көрсетілмепті. Бастапқыда назар салған жан да болмаған екен. Бәлкім, жетпіс екі жасқа толған ақсақалдың тоғыз мың шақырымды жаяу жүріп өтемін деген сөзіне сенбеген болар. Әйтеуір жауапты органдар қолдау көрсетіп, демеп жіберуге ынталы болмаған екен. Алайда оларға қараған ақсақал жоқ. Ойға алған ісіне белін бекем буынып, асай-мүсейі салынған арбасын итеріп жолға шығып кетті.

– Расы керек, Сәрсенбай ақсақал өз идеясымен бөліскен кезде, оны райынан қайтаруға тырысқан едік. Алайда ол кісі алған бетінен қайтпайтын сыңай танытты. Сондықтан жанашыр жан ретінде шамамыз жеткенше қолдау көрсетіп келеміз. Қолында денсаулығын, жүру жылдамдығын, қай жерде келе жатқанын көрсететін сағат бар. Интернеттің, байланыстың бар-жоғына қарамай бізге барлық мәліметті көрсетіп тұрады. Ол азаматты жаяу жіберіп, өзіміз кезекті елді мекеннен күтіп алып отырмыз. Әлеуметтік желідегі парақшаларын жүргізуге, үгіт-насихат жүргізуге керек қағаздарын шығарып беруге атсалысамыз. Біздің қолдан келері – әзірге осы ғана, – дейді ұлытаулық Бақтияр Қожахметов.

Ресми органдардан қолдау болмаса да, қарапайым халықтың ықыласы шексіз екен. Жұрт шамасы келгенше арнайы ашылған есепшотқа қаржы аударып, жолай тоқтаған сәттерде ас-суымен бөлісіп жатады екен. Мұның өзі – қарт жиһанкезге үлкен қолдау.

– Құрмет көрсетіп, қолдау білдіріп жатқан жұртыма айтар алғысым шексіз. Мен бұл сапарға шыққанда үкіметке де, басқаға да қол жайған жоқпын. Өзімнің денсаулығыма және халқымның ықылас-пейіліне сендім. Шүкір, сенімім ақталды. Қайда барсам да, қарапайым көпшілік құрметпен қарсы алып, асты-үстіме түсіп жатады. Жолда тоқтаған жұрт халімді сұрап, барымен бөлісуге дайын. Солардың арқасында сапарымды қиналмай жалғастырып келемін. Кездескен жанның бәрі қолдарынан келгенінше көмек көрсетіп, аянып қалмауда. Сол үшін алғысым шексіз, – деді Сәрсенбай Оспанұлы.

Ақсақал күніне 30-40 шақырымды тоқтаусыз жүріп келеді. Өзінің айтуынша, күн сайын 100 шақырымнан артық жүруге де шамасы жетеді екен. Алайда жолда тоқтап жөн сұрайтын, суретке түсіп, сұхбат құратын жандар көп. Олардың барлығымен пікірлесіп, өзінің ойға алған үш мақсатын айтамын дегенше талай уақыт өтеді. Әрі арбаның дөңгелегі де жиі тозып, аяқкиімі жыртылып, қолбайлау болар сәттер көп екен. Мұның бәрі айтарлықтай кедергі болып келе жатыр. Әйтсе де осы жылдамдықтың өзі әу баста жоспарланған кестеден қалдырмай, сапарын қарашаның қарлы суығына дейін аяқтауға мүмкіндік беріп келеді екен.

Сонау наурыз айының соңында сапарға шыққан Сәрсенбай ақсақал жоспарға алған 9000 шақырымның тең жарымын жүріп өтті. Қарағандыдан шыққан соң Теміртауға тоқтап, әрі қарай елордамыз Нұр-Сұлтан қаласына барды. Ол жақта журналистерге сұхбат беріп, арбаның дөңгелегі мен аяқкиімдерін ауыстырып, сәл тыныққан соң сапарын жалғастыруға кетті. Алда Ақтөбе, Орал, Атырау, Бейнеуді басып өтіп, Ақтау қаласында сапарын қорытындыламақ. Кейін, амандық болса, исі мұсылман қауымының қасиетті ордасы – Мекке қаласына қажылыққа жаяу барып-қайтуды армандап жүргенін де айтып қалды.

Нұрлыхан ҚАЛҚАМАНҰЛЫ,

«QH»