Қазақстан мен Лаос президенттері шағын құрамда келіссөз жүргізді

Мемлекет басшысы мәртебелі мейманға ілтипат білдіріп, Лаос Президентінің Қазақстанға жасап отырған алғашқы сапарын тарихи оқиға деп атады.

– Келесі жылы екі елдің арасындағы дипломатиялық қатынастың орнағанына 30 жыл толуын атап өтеміз. Бұл – үлкен меже. Елдеріміздің қарым-қатынасы достық сипатқа ие. Екі мемлекет халықаралық аренада, ең алдымен, БҰҰ аясында тығыз жұмыс істеп отыр. Лаос мемлекеті біздің Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары кеңесінде көтерген бастамаларымызды қолдады. Ол үшін ризашылығымызды білдіреміз. Бұл – Сіздің Қазақстанға жасаған алғашқы сапарыңыз. Осы сапардың нәтижесі бойынша қол жеткізілген уағдаластықтарды іске асыруға екі ел үкіметтері белсенді түрде кіріседі деп ойлаймын, – деді Президент.

Мемлекет басшысы Лаосты Қазақстанның Оңтүстік-Шығыс Азиядағы маңызды әрі сенімді серіктесі деп санайтынын жеткізді.

Сондай-ақ Лаос елінің экономикасы соңғы жылдары тұрақты өсіп келе жатқанына, әсіресе, энергетика, ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп және туризм салалары бойынша зор нәтижеге қол жеткізгеніне назар аударды.