ҚАЗАҚ ФУТЗАЛЫ

Тәуелсіздік алғалы бері спортта жеткен жетістіктеріміз көп. Әсіресе, бокс, жеңіл атлетика, күрес, ауыр атлетикадан соңғы жылдары биік белестерді бағындырып келеміз. Бірақ, кейбір спорт түрлері біз үшін алынбас қамал. Әсіресе, футболшыларымыздың ойыны көңіл көншітпейді. Алайда, үлкен футболда жетістікке жетпесек те шағын футболда еңсеміз биік. Айтайық…

Шынымен, қазақ футболшылары әлемдік аренада жоғары деңгейде өнер көрсетіп қана қоймай, Еуропа, Солтүстік және Оңтүстік Америка ұлттық құрамаларын ойсырата жеңіп жүр. Тіпті «Қайрат» командасы чемпиондар лигасының екі дүркін чемпионы. Ал ұлттық құрамамыз Еуропа чемпионатының қола жүлдегері. Тек футзалдан.

«Тек» деуіміз өкініш емес, үлкен футболдан асығымыз алшысынан түсіп жүрмегендігін жеткізу үшін айтылған сөз. Біздің футболшылардың аяқ алысын күллі ел біледі ғой. Ол жақта еш нәтиже жоқ деп айта алмайсың. Алайда, ауыз толтырып айтар дүние аз. Ал футзал командасы жарап тұр. Бұл салада мақтанарлық дүниеміз көп. Барлығын басынан бастайық…

Футзалдың түбі футбол болғанымен, өзінің ережесі мен ерекшелігі бар. Жылдамдықты қажет ететін спорт түрі. Шұғыл шешім қабылдауың керек. Түйсік қажет. Командаласыңның ойың оқи білу де – басты талап.

Бұл спорт түрі бізде 2000 жылдардан бері қарай дами бастады. Бразилиялық ойыншыларды командаға әкелу тәжірибесі сол кезде сынға ұшырағаны анық. «Көкке ұшқан қаржы» деді. Алматының «Қайрат» футзал клубы Еуропаны бағындыра бастаған кезде: «Бразилиялық ойыншылармен жеңіске жетпегенде қайда барамыз? Бірақ, бір қазақ жоқ. Оның несі жеңіс деп?» тағы шықты патриоттар.

Міне, осыған қарамастан жоғары нәтижеге жетті. Жетіп қана қоймай «Қайрат» Еуропаның азулы командасына айналса, ұлттық құрама әлемнің ең мықтылардың бірі қазір.

«Қайраттың» жетістігіне тоқталайық. 1995 жылы құрылған «Қайрат» футзал командасы бұрынғы УЕФА кубогы қазіргі чемпиондар лигасына 17 рет қатысқан екен. Бұл Еуропа командалары арасындағы абсолютты рекордқа жатады. Қазақстан чемпионатын 17 рет, кубогын – 16, суперкубогын 5 мәрте жеңгені бір бөлек. Мұның барлығы рекордтық көрсеткіш. Ал УЕФА кубогындағы жеңіс жолы – бөлек әңгіме.

2004/05 жылғы маусымдағы турнирде «Қайрат» алғаш рет өнер көрсетті. Келесі жылы жартылай финалға өтті. Бірақ, мәскеулік «Динамодан» жеңіліс тапты. Алайда, 2008/09 жылғы маусымда тұғырдан көрінді. Мәскеулік «Динамо-Ямалдан» есесін қайтарып, қола жүлдеге ие болды. Бұрын-соңды болмаған жетістік. Дегенмен, «Қайраттың» жұлдызды сәті әлі де алда еді. 2010/11 жылы УЕФА кубогының төрттік финал ойындары тұңғыш рет Алматыда өтті. Жартылай финалда Португалияның «Спортинг» (2:3) командасынан жеңіліс тапқанмен, қола жүлдеге таласта «Бенфиканы» (3:3, пен. 5:3) ойыннан кейінгі пенальти сериясынан басым түсті. УЕФА кубогын алғаш рет 2012/13 жылғы маусымда төбемізге көтердік. Жартылай финалда сол кездегі чемпион испандық «Барселонаны» 5:4 есебімен ұтсақ, финалда сол баяғы мәскеулік «Динамодан» (4:3) басым түстік. Бұл тарихи жеңіс еді. Жылдар бойғы еңбек ақталды.

Келесі жылы да «Қайрат» жетістігін қайталады. Лиссабонда өткен финалда испандық «Барселонаны» 3:2 есебімен ұтты. 2016/17 жылғы маусым тағы да Алматыда өткен. Төрттік финалды екі мәрте қабылдаған алғашқы ел атандық. Өкінішке орай, қоланы місе тұттық. 2018/19 жылғы маусым да Алматыда өтті. Бірақ финалда португалдық «Спортингтен» 2:1 есебімен ұтылдық. «Қайрат» 2014 жылы әлем суперкубогының чемпионы атанса, келесі жылы күмісті қанағат тұтты. Қысқасын айтқанда, мақтанарлық дүние көп.

Ал енді жоғарыдағы сынға келейік. «Атауы – Қазақстандікі болғанмен, іші толған бразилиялық ойыншылар» деп айту шындыққа жанаспайды. Бұрынғы Жоан, Келсон, Катата, Какаулар жоқ. Олардың орнын Дәурен Тұрсағұлов, Шыңғыс Есенаманов, Тимур Мырзабаев, Дәурен Нұрғожин, Серік Жаманқұлов және де әрине ұлттық құрама капитаны Дінмұхаммед Сүлейменовтер алмастырды. Яғни, тәжірибе жемісін берді. Бразилиялықтармен бірге жылдар бойы ойнап жүрген қазақ жігіттері қазір Еуропаның топ-ойыншыларына айналды. Барлығы бір деңгейде ойнайды қазір. Ұлттық құрамамыз Еуропаның 50 командасы ішінде УЕФА рейтингінің үздік үштігіне кіреді. Алда тек Испания мен Ресей ғана. Енді ұлттық құраманың жетістіктерін тізіп өтейік.

Әлем чемпионатына екі мәрте қатысқан екенбіз. 2000 жылы 1-раундтан әрі аса алмағанмен, 2016 жылы 1/8 финалға дейін жетіппіз. Ал 2016 жылы Еуропа чемпионатына тұңғыш рет жолдама алып, қола жүлдеге ие болдық. Алғаш рет қатысып отырған біздің ғана құрама. Тәжірибесі мол командалардың өзі Қазақстанға төтеп бере алмады. Үздігі – Испания мен Ресей. Ұлттық құрама осы екі командадан ғана жеңілген екен. Топтық кезеңде Ресей және Хорватиямен ойнадық. Бірінші ойында Ресейден 1:2 есебімен ұтылдық. Біздің құрамадан Серік Жаманқұлов гол соқты. Тұңғыш чемпионатымыздағы тұңғыш гол қазағымыздың еншісінде. Мақтануға тұрарлық дүние болған соң айтып отырмыз. Дегенмен, екінші ойында Хорватияны 4:2 есебімен ұтып келесі айналымға шықтық. Жаманқұлов дубль жасаса, Сүлейменов бір гол соқты. Тағы бір гол Дугластың еншісінде. Ширек финалда азулы команда Италиямен кездесіп, сенсация жасадық. Есеп 5:2. Жаманқұлов, Есенаманов, Нұрғожин бір-бір голдан соқса, Лео дубль жасады. Бірақ жартылай финалда болашақ чемпион Испаниядан ұтылдық. Есеп 3:5. Үш гол Жаманқұлов, Лео, Довганьның еншісінде. Алайда кіші финалда яғни қола жүлде үшін таласта турнир иесі Сербиядан басым түстік. Тарихи жеңіске жеттік. 5:2 есебімен ұтқан ойында Дуглас хет-трик жасаса, Жаманқұлов пен Игита (қақпашы) бір-бір голдан соқты. Нәтижесінде, Серік Жаманқұлов Еуропа чемпионатының сұрмергендері қатарына кірді. Ал 2018 жылғы Еуропа чемпионатында төртінші орынмен шектелдік.

Енді заңды сұрақ туындайды: үлкен футболдағы ойыншыларымызға жетістікке жетуге не кедергі? Әрине, футзал мен футболды салыстыруға келмейді. Дегенмен, миллиардтаған қаржыны футзал менеджерлері сияқты неге тиімді жұмсамасқа. Иә, білемін, кезінде Сербияның ойыншыларын тартып, ұлттық құрамаға алған. Бірақ, Бразилия мен Сербия футбол мектебінің арасы жер мен көктей.

Дегенмен, футзалда да мәселе жетерлік. Қазақстан чемпионатының кубогы «Қайрат» клубының меншігіне айналған. Бәсекелестік жоқ. Биылғы маусымда «Қайрат» 32 ойынның 30-ында жеңіске жетіп, 1 ойын тең, 1 ойында жеңіліс тапқан. 91 ұпаймен кезекті чемпиондыққа ие болды. Екінші орындағы «Ақтөбе» 59 ұпай жинаған. Арасы 32 ұпай. «Қайратқа» қарсылас болар бір команда бар еді. Ол қарағандылық «Тұлпар» футзал командасы. Ұлттық құраманың белді ойыншыларының бірі Шыңғыс Есенаманов осы клубтың түлегі. Ел біріншілігінің 9 дүркін күміс жүлдегері «Тұлпар» командасы 2006 жылы «Қайрат» клубымен кезекті ойыннан соң чемпионаттан бас тартқан. Мұндай шешімге келуіне төрешілердің әділетсіздігі себеп болды. Қазір жоғары лигада өнер көрсетпейді. Өкініштіақ! Осы маусымда соңғы орында келе жатқан «Шахтер» футбол клубынан осы «Тұлпардың» болашағы жарқын еді! «Шахтерге» кеткен қаржыны осы футзалға неге құймасқа? Қазақ ойыншыларының болашағы осы футзалда. Барлығын дамытуға болады. Тек қажырлы еңбек болса…