Қауіпсіз еңбекке – төмен тариф
Қазақстанда қызметкерлерді өндірістегі жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандыру жүйесін өзгерту ұсынылып отыр. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі сақтандыру тарифтерін кәсіпорындағы нақты тәуекел деңгейіне қарай белгілеуді көздейді.
Жаңа тәсіл бойынша әр жұмыс беруші үшін сақтандыру құны жеке есептелмек. Бұл ретте өндірістегі жазатайым оқиғалардың жиілігі мен ауырлығы, бұрынғы сақтандыру төлемдері, еңбек жағдайы және жарақаттанудың алдын алу бойынша атқарылған шаралар ескеріледі.
Яғни еңбек қауіпсіздігіне тұрақты түрде көңіл бөлетін кәсіпорындар үшін сақтандыру тарифі төмендеуі мүмкін. Ал өндірістік жарақат жиі тіркелетін ұйымдарда полис құны қымбаттайды. Осылайша жұмыс берушінің қауіпсіздікке салған инвестициясы сақтандыру шығынымен тікелей байланыстырылмақ.
Ұсынылып отырған реформа екі бағытты қамтиды. Біріншісі – өндірістік жарақат алған жағдайда сақтандыру төлемдерін қамтамасыз ету болса, екіншісі – зиянды еңбек жағдайында жұмыс істейтін азаматтарды ұзақ мерзімді әлеуметтік қорғау.
Агенттік өкілдерінің айтуынша, жаңа жүйенің негізгі мақсаты – жазатайым оқиға болғаннан кейін өтемақы төлеумен ғана шектелмей, өндірістегі жарақаттардың алдын алуға жұмыс берушілерді ынталандыру.
Құралай ӘЛЖАППАР,
«QH»

