Ашық мемлекет

Ашық және еститін мемлекет үшін. Қарағанды қалалық мәслихатының депутаттары шенеуніктердің өтініштерге берген жауаптарына қанағаттанбады. Қалалық әкімдікте азаматтардың өтініштері және атқарушы органдарға депутаттық сауал жолдау жөніндегі тұрақты комиссиялардың бірлескен отырысы өтті.

2024 жылдың өткен маусымында жергілікті атқарушы органдарға жеке және заңды тұлғалардан 8 645 өтініш келіп түсті. Өтініштердің басым бөлігін ТКШ, абаттандыру, жер ресурстары, тұрғын үй беру, әлеуметтік мәселелерді қамтамасыз ету, еңбек және жұмыспен қамту құрайды. Сонымен қатар, құқықтық статистика мәліметінше, соңғы жылдары жағдай түбегейлі өзгергенімен, процедураларды бұзу фактілері әлі де бар. Мысалы, 2022 жылы мерзімі бұзылған 275 өтініш анықталған болатын.

– Қарағанды әкімдігінде биылғы жылдың мәселелері жайлы айтылған. Осыған байланысты орынбасарлар бір шешімге келу арқылы осындай олқылықты болдырмау керек, – деп атап өтті Қарағанды облысы бойынша Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитеті басқармасы басшысының орынбасары Елена Эдельханова.

Депутаттық сауалдарға да жеке тоқталды. Белгілі болғандай, кей сауалға мүлде жауап берілмесе, берілген жауаптардың арасында мерзімі кешіктірілгендері де бар.

– Жақсы, біз күте тұрайық. Алайда бізді халық қалаулысы етіп отырған халыққа қалай жауап береміз? Жұрт кешіктірілген жауап үшін ренжиді, осыдан барып біз неше түрлі сөз естиміз. Осыған жауап беріңіздерші? – дейді Қарағанды қалалық мәслихатының депутаты Нияз Сүндетәлиев.

Қарастырылып отырған кезеңге өткен жылдың соңғы үш айы да кірді.

– Өткен жылдың 3 айында Қарағанды қаласы әкімдігіне 2 қаулы келіп түскен. 50 депутаттық сауал, халықтан 11 сауал келіп түсті. Ал жауапты кешіктіру жағдайлары жөнінде сектор басшыларына ескерту жасалды, – деп отыр Қарағанды қаласы әкімі аппаратының жетекшісі Станислав Поведа.

Депутаттық сауал мерзімдерін бұзғаны үшін бірқатар мемлекеттік қызметші тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Сонымен қатар шенеуніктер уақытында жауап бермесе де, сұрақтар қараусыз қалмайтынын түсіндірді.

– Иә, мен келісемін. Мұндай кешіктіру болмауы керек екенін білемін. Бізге түскен барлық сұраққа жауап беруге тырысамыз, – деп тоқталды «Қарағанды қаласының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі» ММ басшысы Ержан Кокушев.

Қазыбек би ауданының әкімдігі өздеріне қатысты айтылған әр наразылыққа жеке тоқталды. Іскерліктерінің дұрыстығын дәлелдеп, әрбір өтініш жөнінде есеп берді.

– Қазыбек би атындағы депутаттармен үнемі байланыстамыз. Ешқашан сұраныстарын жауапсыз қалдырмаймын. Барлық депутатпен 24-7 үлгісінде үнемі жұмыс жасаймыз, – дейді Қазыбек би атындағы аудан әкімі Ералы Оспанов.

– Әлихан Бөкейхан ауданында жарты сұраныс орындалды. Кейбіреуін осы жылы аяқтаймыз. Байжанов саябағында жұмыстарды ауа райына байланысты тоқтата тұрғанбыз. Басқа жұмыстар жүргізілу үстінде, – деп атап өтті Әлихан Бөкейхан ауданының әкімі Досбол Күлекеев.

Жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін, мәслихат қаулыларын, шешімдерін және депутаттық сауалдарды қарау туралы мәселе 26 маусымда қалалық мәслихаттың кезекті сессиясында қаралмақ.

Айдын ЖОЛҚҰТТЫТЕГІ, «QH»