Қарағандылық жүзушілер ел чемпионатында топ жарды

Қонаев қаласында ашық суда жүзуден Қазақстан чемпионаты өтіп, Қарағанды облысының спортшылары жоғары нәтиже көрсетіп, жалпыкомандалық қоржынға сегіз алтын, бес күміс және бес қола медаль салды.

Ел біріншілігіне Қазақстанның 12 өңірінен 168 спортшы қатысты. Қарағанды облысының намысын жүзуден мамандандырылған олимпиадалық резерв мектебінің 15 тәрбиеленушісі мен Әлия Молдағұлова атындағы спорттағы дарынды балаларға арналған мектеп-интернаттың бір спортшысы қорғады.

Жарыстың басты қаһарманы қарағандылық Тимофей Лебедев атанып, төрт алтын медаль жеңіп алды. Сонымен қатар Ярослав Губарев, Егор Дубицкий, Илья Анисимов және Арина Симашкова да жүлделі орындардан көрініп, өңір спортының жоғары деңгейін тағы бір мәрте дәлелдеді.

Чемпионат қорытындысы бойынша қарағандылық спортшылар тек медальдармен ғана шектелген жоқ. Тимофей Лебедев пен Ярослав Губарев қыркүйек айында Аргентинада өтетін ашық суда жүзуден жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатына қатысуға жолдама алды. Енді олар халықаралық додада Қазақстанның намысын қорғайды.

Мамандардың айтуынша, бұл жетістік – спортшылардың қажырлы еңбегі мен бапкерлердің жүйелі жұмысының нәтижесі. Қарағанды облысы соңғы жылдары су спорты бойынша еліміздегі жетекші өңірлердің біріне айналып, республикалық және халықаралық жарыстарда тұрақты түрде жоғары нәтиже көрсетіп келеді.

Кезекті ел чемпионатының қорытындысы қарағандылық жүзушілердің әлеуетінің жоғары екенін тағы бір дәлелдеп, өңірдің болашақ чемпиондарды тәрбиелейтін маңызды спорт орталықтарының бірі екенін айқын көрсетті.