Қарағандылық компаниялар ТМД сапа сыйлығының финалистері атанды

Қазақстанда сапа және қызмет көрсету саласындағы жетістіктерді бағалайтын ТМД сыйлығына арналған мерейтойлық, оныншы байқаудың бірінші кезеңінің нәтижелері белгілі болды. Финалға өткендер қатарында қарағандылық екі компания бар.

Қарағанды облысының Кәсіпкерлер палатасы хабарлағандай, байқаудың алғашқы кезеңі сәтті өтті. Финалистер арасында шарлы крандар өндіретін «Бёмер Арматура» ЖШС және мұнай-газ, тау-кен, металлургия және энергетика салаларында диагностикамен айналысатын «Дефектоскопия ҒТБ» ЖШС бар.

ТМД сапа сыйлығы – бұл жоғары беделге ие халықаралық марапат. Байқау екі жыл сайын ұйымдастырылып, жоғары сапалы өнімдер мен қызметтердің экспортын арттыруды, сондай-ақ инновациялық технологиялар мен тиімді менеджмент әдістерін енгізуді мақсат етеді.

2025 жылы бұл байқау ТМД Экономикалық кеңесінің қолдауымен өтеді. Байқау қазылар алқасы құрамында мемлекетаралық құрылымдар, ұлттық тұтынушылар қоғамдары, сауда-өнеркәсіп палаталары мен кәсіби қауымдастықтардың өкілдері бар.

– «Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы байқау хатшылығы қызметін атқарып, қазақстандық кәсіпорындарға халықаралық деңгейде танылуға қолдау көрсетеді. Қарағанды облысындағы компаниялардың бұл байқауға қатысуы олардың бәсекеге қабілеттілігін және жаңа мүмкіндіктерді игеруге дайын екенін дәлелдейді, – деді Қарағанды облысы Кәсіпкерлер палатасының директоры Ернар Күлпейісов.

Қанағат ЖИЕНҚҰЛОВА,

«QH»