Қарағандыдағы кардиохирургиядағы жаңа тәсіл

Қарағанды қаласының кардиохирургтары коронарлық шунттаудың аз инвазивті тәсілін тәжірибеде меңгеріп жатыр. Заманауи технологияның басты артықшылығы – хирургиялық араласу көлемін азайтып, операциядан кейін науқастың қысқа мерзімде қалыпты өміріне оралуына мүмкіндік беруі. Бүгінде Қарағанды қаласының №2 көпбейінді ауруханасында осы әдіс арқылы төрт операция сәтті жүргізілді.

Алғашқы оталар жергілікті кардиохирургтардың Қазақстан Республикасы Президенті Іс басқармасының Медициналық орталығы ауруханасының тәжірибелі мамандарымен бірлескен жұмысы нәтижесінде жүзеге асырылды.

Дәстүрлі коронарлық шунттау барысында науқастың кеуде қуысы толық ашылады. Ал аз инвазивті әдісте қабырғалардың арасынан көлемі шағын тілік жасалып, хирургиялық емдеу жүріп тұрған жүрекке жүргізіледі. Осы ерекшеліктер операциялық жарақатты барынша азайтуға мүмкіндік береді.

– Біз кеуде қуысының бүйір тұсынан ұзындығы шамамен жеті сантиметр болатын тілік жасап, операцияны жүрек соғысын тоқтатпай жүргіземіз. Бұл хирургиялық жарақатты азайтып, пациенттің оңалуын жеделдетеді. Операциядан кейін науқастар ауруханада шамамен үш күн болады, содан соң күнделікті өміріне орала алады, – деді Қарағанды қаласының №2 көпбейінді ауруханасы кардиохирургия бөлімінің дәрігері Тамерлан Мұқажанов.

Дәрігердің айтуынша, аталған технологияны артық салмағы бар пациенттерге де қолдануға болады. Бұл тәсіл жүрек-қан тамырлары ауруларына шалдыққан науқастарды емдеудің заманауи мүмкіндіктерін кеңейте түседі.

Алайда жаңа әдісті қысқа уақыт ішінде толық меңгеру мүмкін емес. Операцияны сапалы орындау үшін арнайы хирургиялық аспаптар, қажетті медициналық құрылғылармен қатар, мамандардың тәжірибесі де маңызды.

Қарағандылық кардиохирургтар жаңа технология бойынша алғашқы дайындықтан Астана қаласында өткен. Қазіргі уақытта мамандардың кәсіби біліктілігін жетілдіру жұмыстары Қарағандыда жалғасып жатыр. Дәрігерлер тәжірибелі кардиохирургтармен бірге операцияларға қатысып, әдістің қыр-сырын тікелей тәжірибе жүзінде үйренуде.

– Қарағандыдағы әріптестерімізде қажетті жабдық та, тиісті дайындық та бар. Қазір оқытудың екінші кезеңі тікелей осында өтіп жатыр. Оны аяқтағаннан кейін, жоспарымызға сәйкес, дәрігерлер мұндай операцияларды өздігінен орындауға мүмкіндік алады, – деді Қазақстан Республикасы Президенті Іс басқармасының Медициналық орталығы ауруханасы кардиохирургия бөлімінің меңгерушісі Әлібек Тойбаев.

Жаңа технологияны жергілікті медицина тәжірибесіне енгізу Қарағанды облысындағы кардиохирургиялық қызметтің әлеуетін арттыруға бағытталған. Мамандардың біліктілігін жетілдіру және заманауи операциялық әдістерді енгізу арқылы өңір тұрғындарына жоғары технологиялық медициналық көмектің қолжетімділігі арта түспек.

 

Жанайым ЖАЛҒАС,

«QH»