Қарағандыда әйелдер форумы: кәсіпкерлікті дамыту және қоғамдағы рөлді нығайту

Қарағанды облысында Respublica партиясының ұйымдастыруымен маңызды Әйелдер форумы өтті. Шара өңірдегі әйелдер қауымдастығының ашылуына орай ұйымдастырылып, қоғамдағы әйелдердің рөлін күшейту мен олардың бастамаларын қолдауға арналды.

Форумға Respublica партиясының төрағасы Айдарбек Ходжаназаров, партияның тең төрағасы, «АгромашХолдинг KZ» АҚ Президенті Динара Шүкіжанова және партияның орталық аппаратының өкілдері қатысты.

– Жуырда ғана біз «Әйелдер қанаты» бастамасын іске қостық. Бұл – әйелдер үшін өз идеяларын еркін айтып, белсенділік танытуға мүмкіндік беретін алаң. Біз оларға қолдау көрсетіп, қоғамдағы рөлін одан әрі нығайтқымыз келеді, – деп атап өтті өз сөзінде Respublica партиясының төрағасы Айдарбек Ходжаназаров.

– Әйелдер қанатын ашу – кездейсоқ шешім емес. Қазіргі таңда елімізде әйелдердің қоғамдық және кәсіпкерлік белсенділігі артып келеді. Біз бұл үдерісті одан әрі қолдауға дайынбыз, – деп қосты «АгромашХолдинг KZ» АҚ президенті Динара Шүкіжанова

Форум барысында әйелдер кәсіпкерлігін дамыту, әлеуметтік саланы жетілдіру және жаңа жобаларды іске асыру мәселелері талқыланды. Қорытынды резолюцияда ұсынылған бастамаларды жүзеге асыруға бағытталған нақты шаралар қарастырылды.

– Біздің басты мақсатымыз – экономиканы дамыту, соның ішінде әйелдер кәсіпкерлігіне қолдау көрсету. Бұл – үлкен жауапкершілікті талап ететін міндет, себебі қазіргі әлемде бәсекелестік жоғары. Бүгінгі форумда біз әйелдер үшін бизнесте қандай қолдау қажет екенін талқылаймыз, – дейді Respublica партиясының әйелдер қанатының төрайымы Жібек Камали.

Форум аясында делегация Қарағанды қаласындағы теннис орталығына барып, жас спортшыларды даярлау ісімен танысты. Сондай-ақ, Қарағанды аяқ киім фабрикасына сапар жасап, отандық өндірісті қолдау мәселелеріне назар аударды. Жалпы, шара барысында әйелдер кәсіпкерлігін қолдау, әлеуметтік бастамаларды дамыту және жергілікті өндірісті ілгерілету мәселелері басты тақырыпқа айналды.

Құралай ӘЛЖАППАР,

«QH»