Қарағандыда 128 шақырым жол жөнделеді
Қалада жол жөндеу маусымы басталды. Биылғы жазда 128 шақырым автомобиль жолын жөндеу жоспарланып отыр. Нәтижесінде жол төсемінің нормативтік жағдайдағы үлесі 72-ден 79%-ға дейін ұлғаюы тиіс.
Пичугин – Новоселов көшелерінде былтыр басталған күрделі жөндеу жұмыстары жалғасын тапты. Барлығы 4,8 км жол төсемін жаңарту қажет: теміржол вокзалынан Терешкова көшесіне дейін, 7-магистральға шығар жолға дейін.
Өткен жылы осы жолдағы су және кәріз желілері қайта құрылды. Бұл болашақта коммуналдық апат болған жағдайда асфальтты қопармау үшін жасалды. Сондай-ақ Терешкова көшесіндегі айналма жолдан Пригородныйға дейін асфальтбетонның төменгі қабаты төселді. Енді ондағы жол қабаты толығымен ауыстырылады.
Қазір жолды фрезерлеу жүргізіліп, суағарлар мен 20 жарық бағанасы орнатылған. Енді гранит жиектерді, поребриктер орнату және асфальт дайындау жұмыстары жүргізілуде.
– Өткен жылы біз желілерді жөндеумен айналыстық. Бұл жобаға енгізілді. Ал 10 сәуірден бастап жол жөндеу жұмыстарына кірістік. Бұл көшеде көп жыл бойы жөндеу жұмыстары жүргізілмеген, ол барлық стандарт пен нормаға сәйкес келтірілетін болады. Олар жолдың профилін өзгертті: бұрын ол қос көлбеулі болды, қазір су толықтай ағуы үшін, бір көлбеу етіп қайта жасалды. Біз мұнда коллектор таптық. Барлық суағарды қалпына келтіреміз, – дейді «Агродор» ЖШС мердігерлік компаниясының директоры Наталья Малчушкина. – Егер ауа райы қолайлы болса, осы аптада асфальт төсейміз. Біз үш қабатты негіз аламыз: ірі түйіршікті асфальт-кеуекті және тығыз, содан кейін ғана дизайнер геотор мен ҚТА салады.
Оның сөзінше, материалдар жөнінде ешқандай проблема жоқ. Модификацияланған битум қолданылады.
Жоба жарықтандыру, тротуарлар, бағдаршам мен жол белгілерін орнатуды қамтиды. Күрделі жөндеуді күзде аяқтау жоспарланып отыр.
Е.Бөкетов көшесінде ұзындығы 2,2 км жол құрылысы жүріп жатыр, қара жолдың орнына екі қабатты жабын болады: ірі түйіршікті асфальт және қиыршық тас-мастикалық асфальтбетон.
Жобада аялдамалар, жарықтандыру, тротуарлар және нөсер кәріздері мен бағдаршамдар орнату көзделген.
Жұмыс кесте бойынша жүреді. Биыл жаңа жол тапсырылуы тиіс.
Нысандарда үнемі техникалық қадағалау бар. Пайдаланылатын материалдардың сапасын «Жол активтері сапасының ұлттық орталығының» зертханасы бақылайды.
– Қарағанды жолының ұзындығы мың шақырымға жуық, оның ішінде асфальтбетон жабыны 720 км. Биыл жөндеу жұмыстарының жоспары 128 км. Бұл – екі құрылыс нысаны, екі күрделі жөндеу, бір реконструкция, 127 орта жөндеу учаскесі, – деді қала әкімінің орынбасары Рүстем Қожақапанов. – Биыл барлық нысанда сапаны жақсарту мақсатында біз ведомстволық сараптама алдық. Бұл демпинг болдырмауға мүмкіндік береді.
Спикер жоспарды орындау кезінде жол төсемінің нормативтік жағдайдағы үлесі 79 пайызға жететінін атап өтті. Ал келесі жылы Қарағандыда жекеменшік сектордың жолдарын жөндеу белсенді түрде қолға алынбақ. Бұл – көрсеткішті 90%-ға дейін көтеруге мүмкіндік береді.