Аналарға құрмет көрсетілді
Қарағанды қаласында Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері Наурыз мерекесі қарсаңында ерекше әрі мәнді шара ұйымдастырды. Бұл жолы олар Шаңырақ күнін атап өту үшін перзентханаларға барып, осы күні дүниеге келген сәбилер мен жас аналарды құттықтап, оларға құрмет көрсетіп, сыйлықтар табыс етті. Шаңырақ күні – отбасының, туған жердің ұлағаты мен қадір-қасиетін дәріптейтін ерекше күн, әрі бұл мереке әрбір отбасының шырқын көтеріп, қоғамдағы берекені арттырады.
Бұл шара арқылы Қазақстан халқы Ассамблеясы өзінің басты мақсаты – ел бірлігін нығайту, дәстүрлерді сақтау мен дамыту жолындағы өз үлесін тағы да айқын көрсетті. Қатысушылардың сөзінше, перзентханаларға барған кезде, жас аналардың қуанышы мен жаңа өмірдің басын бастаған сәбилердің күлкісі шынымен де көпшілікке ерекше қуаныш сыйлаған. Мереке қарсаңында жас аналарға құрмет көрсетіліп, олардың отбасына амандық, бақыт пен шаттық тіледі. Наурыз айының 15-і күні №1 облыстық перинаталдық орталықта Зухра Сайлаукенова ана атанып, тұңғыш сәбиі Ахметті дүниеге әкелді. Бұл күн оның өміріндегі ең бақытты сәттердің бірі болып, шаңырағына жаңа мүшемен толықты. Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері осындай ерекше сәтте Зухраны құттықтап, жас ана мен оның баласына қуаныш сыйлады. Олар нәрестенің болашағына бақыт, денсаулық және табыс тілеумен қатар, жас отбасына сый-сияпаттар тарту етті. Әсіресе, осы сәтте отбасылық құндылықтар мен дәстүрлерді сақтау, отбасы мен бала тәрбиесіне қатысты маңызды ойлар айтылып, жұртшылыққа жылы лебіздер мен тілектер білдірілді. Бұл шара тек Зухра мен оның отбасына ғана емес, тұтастай қоғамға деген сүйіспеншілік пен қамқорлықты көрсететін Наурыз мейрамындағы ерекше сәттердің бірі болды.
– Қарағанды облысының Қазақстан халқы Ассамблеясына алғысымды білдіремін. Келіп, құттықтағандарыңыз үшін көп рақмет. Өте қуаныштымын, күтпеген жағдай болды. Мың алғыс! Сонымен қатар, І облыстық клиникалық аурухананың перинаталдық орталығына олардың кәсібилігі үшін алғысымды айтамын. Олардың жұмысына өте ризамын. Әрқашан байланыста болды, келіп қалымды сұрап тұрды, – дейді жас ана.
Қала бойынша бұл күні 21 сәби дүниеге келген екен. Арнайы топ, әрбір қуанышқа бөленген ананың жанынан табылып, ізгі ниеттермен жылулық көрсетті.
– Жас отбасына барып, баланың дүниеге келуіне байланысты құттықтау айтып, сәттілік, бақыт, денсаулық тілеуге келдік. Сондай-ақ, ата-аналарды өмірлеріндегі маңызды оқиғамен құттықтаймыз. Негізгі мақсат – жас ұрпақты рухани-адамгершілікке тәрбиелеу. Тарихи естелікті сақтау. Біз білетіндей, Наурыз мейрамында ежелгі дәстүрлер, қазақ халқының мәдениетінің негіздері жатыр. Бүгін қазақ мәдениеті барлығымызды біріктіреді, – деп атап өтті Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі Увайс Джанаев.
Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері бұл күні Пришахтинск пен Майқұдықта орналасқан перзентханаларға да барып, Шаңырақ күні шаңырақтары қуанышқа кенелген отбасыларға құрмет көрсетті.
Жұпар АМАНБАЙҚЫЗЫ,
«QH»