Алыс елде арпалысқан батырлар
Биыл, біздің елден сонау алыс шалғайда орналасқан Ауғанстан Демократиялық Респуликасындағы соғысқа қатысқан интернационалист-жауынгерлер Кеңес әскерлерінің сол елден шығарылған күніне 36 жыл толуын атап өтуде. Осы бір орын алған зұлмат соғысқа қатысқан қазақстандық жауынгерлер өздерінің Отан алдындағы борыштарын орындау жолында адал болуға тырысты. Олар тек берілген бұйрықты орындады….
Осы ретте, 15 ақпан – Кеңес Одағы әскерлерінің Ауғанстан елінен шығарылған күніне орай, Қарағанды облысына қарасты Сарышаған кентіндегі мектеп-интернатында «Ауғанстан елінің отты жылдары» атты салтанатты жиыны болып өтті.
Алдымен жиынға қатысушылар Ауғанстан еліндегі соғыста қаза тапқан жауынгерлерді бір минут үнсіздікпен еске алды. Жиынға тәжік-ауған шекарасындағы қарулы қақтығыстардың ардагері Жолкен Диханов пен Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің ардагері Тілек Кенжебеков арнайы шақырылған болатын. Салтанатты іс-шараның мақсаты – мектеп оқушыларына Ауғанстан еліндегі соғысқа қатысқан интернационалист-жауынгерлердің ерлік жолын кеңінен насихаттау және білім ошағындағы әскери-патриоттық тәрбиені арттыру болатын.
Бас қосқан ортада мектептегі музыка пәнінің оқытушысы Айман Нұртаева дайындаған өнерпаз оқушылар домбырадан күй төгілтіп, патриоттық әндерді шырқатты. Оқушылардың алдында сөз сөйлеген ардагер аға Жолкен Жаңбырбайұлы: «Біз Ауғанстан еліндегі соғыста болмасақ та, кейінгі жылдары орын алған тәжік-ауған шекарасындағы қарулы қақтығыстардың куәсі болып, соғыстың адамзат баласына қаншама қайғы-қасірет әкелетінін шын сезіндік» — деп ой түйсе, келесі кезекте мінберге көтерілген ардагер аға Тілек Алшымбекұлы ауған соғысы қаһармандарының ерлік істерін баяндап, оқушыларды қазақстандық интернационалист-жауынгерлер туралы жазылған оқулықтармен таныстырды. Келесі кезекте ортадағы ашық алаңда топтасқан, Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің ардагері Т.А. Кенжебеков жетекшілік ететін «Жас зеңбірекші» әскери-патриоттық клубының тәрбиеленушілері өз өнерлерін көрсетті. Клуб тәрбиеленушілері Қарағанды облысы білім басқармасының Приозерск қалалық білім бөлімінің «№1 жалпы білім беретін мектебі» коммуналдық мемлекеттік мекемесінде білім алады. «Жас зеңбірекші» әскери-патриоттық клубы 2018 жылдан бері Республикалық «Айбын» әскери-патриоттық жастар жиынына қатысып келеді. Дәл осы жиын соңғы жылдары Халықаралық деңгейде ұйымдастырылып өткізіліп жүр. Ардагер ағалардың алдында өнер көрсеткен клуб тәрбиеленушілерінің арасында ІХ Халықаралық «Айбын-2023» әскери-патриоттық жастар жиынының АК-74 автоматты атыс қаруын жартылай бөлшектеу мен жинаудан жеңімпаз атанған Диана Мусатаева, Х Халықаралық «Айбын-2024» әскери-патриоттық жастар жиынының «Айбын жұлдызы» байқауының қосылып ән орындаудан ІІІ орын иегерлері атанған Бекполат Ерғалиев пен Толғанай Таткен болды.
Іс-шара барысында құттықтау сөз сөйлеген Сарышаған кенті мектеп-интернатының директоры Бақыт Темірқызы Сембекова мектеп оқушыларының атынан салтанатты жиынның жоғарғы деңгейде өтуіне атсалысқандарға шексіз алғысын білдіріп, жиын қонақтары тәжік-ауған шекарасындағы қарулы қақтығыстардың ардагері Ж.Ж. Диханов пен Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің ардагері Т.А. Кенжебековке салтанатты түрде Алғыс хатын табыс етті. Осы орайда, осы жиынға өздерінің де құр алақан келмегендігін көрсеткен ардагер аға Тілек Алшымбекұлы Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Приозерск гарнизонының бастығы полковник Дидар Шаймұратұлы Савельевтың қолы қойылған Мақтау қағаздарымен Сарышаған кенті мектеп-интернатының директоры Бақыт Сембекованы, мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Раиса Джартыбаеваны және музыка пәнінің оқытушысы Айман Нұртаеваны марапаттады.
«Ауғанстан елінің отты жылдары» атты салтанатты жиын соңынан, мектеп оқушылары ардагер ағалары Жолкен Диханов пен Тілек Кенжебеков екеуін ортаға алып, естелік фотосуретке түсті.
Қанағат Эдуардқызы,
«QH»