Алан Құрманғалиев – халықаралық турнирдің жеңімпазы

Қазақстандық жас спортшы Алан Құрманғалиев Швецияда өткен беделді халықаралық турнирде топ жарып, ел мерейін үстем етті. Үстел теннисінен ұлттық құрама мүшесі WTT Youth Contender жарысында жеңімпаз атанып, кезекті рет өзінің жоғары деңгейдегі шеберлігін дәлелдеді.

Хельсинборг қаласында ұйымдастырылған халықаралық додаға әлемнің түрлі елдерінен келген жас спортшылар қатысты. 19 жасқа дейінгі теннисшілер арасында өткен жарыс жастар арасындағы рейтингтік турнирлердің бірі саналады. Сондықтан әрбір кездесу қатысушылар үшін маңызды ұпайлар мен тәжірибе жинауға мүмкіндік берді.

Турнир барысында Алан Құрманғалиев жоғары дайындық деңгейін көрсетіп, бірінен кейін бірі мықты қарсыластарын жарыс жолынан шығарды. Қазақстандық спортшы алдымен Швеция өкілін жеңіп, кейін Венгрия, Үндістан, Польша және Дания теннисшілерінен басым түсті. Әсіресе шешуші кезеңдердегі сенімді ойыны оның чемпиондыққа басты үміткерлердің бірі екенін аңғартты. Финалдық кездесуде Алан Польша құрамасының спортшысы Самуэль Михнамен шеберлік байқасты. Тартысты өткен матчта қазақстандық теннисші ойын тізгінін өз қолында ұстап, қарсыласына мүмкіндік берген жоқ. Нәтижесінде кездесуді 3:1 есебімен аяқтап, алтын медальді иеленді.

Бұл жеңіс жас спортшының халықаралық аренадағы кезекті маңызды табысы ретінде бағалануда. Өйткені WTT сериясындағы жарыстар әлемдік рейтингке тікелей әсер етеді. Чемпиондық атақпен бірге Алан Құрманғалиев рейтинг қоржынына 1000 ұпай қосты. Бұл көрсеткіш оның әлемдік рейтингтегі позициясын жақсартып, алдағы ірі халықаралық жарыстарда жоғары орындардан көрінуіне мүмкіндік береді.

Сарапшылардың пікірінше, соңғы жылдары қазақстандық үстел теннисі қарқынды дамып келеді. Әсіресе жастар құрамасының өкілдері халықаралық турнирлерде тұрақты түрде жүлделі орындарға ие болып жүр. Солардың қатарында Алан Құрманғалиев те бар. Ол бірнеше жылдан бері әлемдік деңгейдегі жарыстарда тәжірибе жинақтап, өз жас санатындағы үздік спортшылардың бірі ретінде танылып келеді. Жас теннисшінің бұл жетістігі Қазақстан құрамасының алдағы халықаралық бәсекелер алдындағы әлеуетін де көрсетеді. Мамандар оның шеберлігі мен тәжірибесі жылдан-жылға артып келе жатқанын атап өтуде. Сондықтан Аланнан алдағы уақытта жастар арасындағы ғана емес, ересектер деңгейіндегі жарыстарда да жоғары нәтиже күтіледі.

Ералы ҒАНИ,

«QH»