Қала күніне ерекше тарту
Аты аңызға айналған «Дос-Мұқасан» эстрадалық вокалды аспаптар ансамблі Қазақстан қалаларын аралап гастрольдық сапар бастады. Топтың 55 жылдығына арналған мерейтойлық концерт осыған дейін Астана мен Алматыда өткен. Ал аймақтарды аралауға арналған ән сапар кеншілер қаласынан бастау алды. Еліміздің 13 қаласында өнер көрсетуді жоспарға қойған тарихи топты Қарағанды жұрты зор қошеметпен қабылдады.
Жарты ғасырдан артық тарихы бар «Дос-Мұқасан» тобы тек қазақ сахнасында ғана емес, сондай-ақ алыс-жақын шетелдерде өнерімен танылған. Ансамбль 1967 жылы қазіргі Қазақ мемлекеттік ұлттық техникалық университеті (бұрынғы Қазақ политехнологиялық институт) жанынан құрылды. Топ атауы ұйымдастырушы Досым Сүлеев, Мұрат Құсайынов, Қамит Санбаев, Александр Литвинов есімдерінің (Досым, Мұрат, Қамит, Саня) алғашқы буындарынан құралған. Ансамбльдің көркемдік жетекшісі – 1972 жылдан бері Мұрат Құсайынов. Ансамбль құрамы екі рет (1975, 1985) жаңарды. 1997 жылы «Дос-Мұқасанның» құрылғанына 30 жыл толуына байланысты «Әуен» музыка студиясынан «Той жыры» деген атпен ансамбльдің 1967-1975 жылдары орындаған ең таңдаулы әндерінің үнтаспа-альбомы шығарылды. 1971 жылы Ташкенттегі Бүкілодақтық халықтар достығы фестивалінде ансамбль бірінші орынға ие болып, осыдан кейін халық арасында танымалдығы тіптен артты.
Ал Қарағандыдағы бұл жолғы шығармашылық кеш «Далам менің» деген атаумен өтті. Бай репертуарымен бірнеше буынды баураған өнер ұжымына деген халық қошеметінің зор екенін Кеншілер мәдениет сарайындағы ине шаншар орын болмаған залдан аңғаруға болады. 70-80 жылдардың хит әндері шырқалған ерекше кеште аға және орта буын өкілдері жастық шақты еске алып ерекше күйге бөленді.
Концерт екі сағатқа жуық уақытқа созылды. Танымал әндер бірінен соң бірі шырқалып, көрермендер бір орында отыра алмады. Әйгілі «Той жыры» әні залды би алаңына айналдырды.
– Қарағандылықтардың өнерге деген ерекше ілтипатын, әншілерге деген ізетін, жалпы, алғыс энергетикасын ерекше сезіндік, тіпті шаршағанымызды ұмытып, көрермендер ықыласынан ләззат алдық, – дейді «Дос-Мұқасан» ансамблінің әншісі Есқайыр Абаханов.
Концерт ұйымдастырушылары қарағандылық азаматтар болғандықтан, турды кеншілер қаласынан бастап, қала күніне орай жұртқа осындай ерекше тарту жасауды ұйғарған. Гастрольдық сапарды ұйымдастырушы Олег Ходыкиннің айтуынша, қарағандылықтар өнерге деген өрелерінің биіктігін байқатқан.
Әншілер де дән риза. Себебі залдан қарсы реакция болғанда, әншілер де ерекше жігерленіп, бойындағы барын салады. Сондықтан болар, «16 қыз», «Куә бол», «Әпитөк», «Қайдасың?» әндерін көрермен әншілермен ілесе шырқады. Ал концерттік кештің «Далам менің» деген атаумен аталуы да тегін емес, бұл да өнер ұжымының репертуарындағы ән атауынан алынған.
Әсел ҚҰСАЙЫНҚЫЗЫ,
«QH»