«Айсұлу» операсы

Сазгер Сыдық Мұхамеджановтың 100 жылдығына орай Музыкалық комедия театры «Айсұлу» операсының концерттік нұсқадағы қойылымын ұсынды. Тамаша қойылым астаналық әріптестермен бірге әзірленген.

Биыл Қазақстанда опералық өнердің негізін салушылардың бірі, сазгер Сыдық Мұхамеджановтың 100 жылдығы аталып өтуде. Қарағанды академиялық музыкалық комедия театры ұжымы осынау мерейтойлы іс-шарадан тыс қалмай, «Айсұлу» операсының концерттік нұсқадағы қойылымын мемлекеттік тілде дайындады. Театр директоры Амантай Ибраев ұжымындағы музыкант, солистердің Сыдық Мұхамеджанов шығармашылығымен етене таныс екенін, сазгер өнерін сүйсіне бағалайтынын, сондықтан мерейтой аясында «Айсұлу» операсының концерттік қойылымын қуана ұсынғандарын айтты.

– Қойылым труппасында жоғары білікті мамандар біршама. Мәселен, «Астана Опера» театрының дирижері, астаналық филармонияның көркемдік жетекшісі Абзал Мұхиддин бар. «Астана Опера» театрының режиссері Еренбақ Тойкенов те қатысуда. Ол – опералық қойылым режиссерлері қатысқан жалпыресейлік ашық байқаудың лауреаты. Сонымен қоса мәтінмен, дұрыс орындаумен жұмыс істеген Махмұт Шәкәрімұлы да бар. Біздің труппа үшін шығарманың түпнұсқасын орындау оңай емес. Ал білікті мамандар соны сахналап шығаруға қатысты, – дейді Қарағанды академиялық музыкалық комедия театрының директоры Амантай Ибраев.

Шығармашылық труппа, солистер, оркестр бірлесе бұл шығармаға 5 ай даярланған. Айта кетейік, орыс театрының «Айсұлу» операсының концерттік нұсқадағы қойылымын қазақша дайындауы актерлерден айтарлықтай шығармашылық пен қажырлы еңбекті талап етері сөзсіз. «Айсұлу» концерттік қойылымының режиссері Еренбақ Тойкенов:

– Қойылым концерттік нұсқада болғандықтан, іс-қимыл, әрекет аз болды. Бірақ ішкі дүние, психологиясын көрсетуге тырыстық, – деп отыр.

Қойылымды өзге мемлекеттен келген әртістердің қазақша орындауы ерекше даярлықтың болғанын айғақтайды. Кешегі қойылым көрермен көңілінен шықты. Ал «Астана Опера» театрының режиссері:

– Труппаның деңгейі жоғары, шығармашылыққа аса жақын, жақсы тіл табыстық, – деп театр ұжымына ризалық пейілін білдірді.

Айдын ШАЛАТАЙҰЛЫ, «QH»