Абай рухы және кітап оқитын ұрпақ

10 тамыз – қазақтың ұлы ақыны, ағартушысы әрі ойшылы Абай Құнанбайұлының туған күні. Осыған орай Қарағандыда ақын мұрасын ұлықтап, кітап оқу мәдениетін насихаттауға бағытталған мазмұнды мәдени шара өтті.

«Шалқыма» концерт залы алдындағы скверде орналасқан Абай ескерткішіне гүл шоқтарын қою рәсімі ұйымдастырылды. Салтанатты жиынға зиялы қауым өкілдері, ардагерлер, қала тұрғындары мен қонақтары қатысты.

Шара барысында Абай шығармашылығына арналған концерттік және поэзиялық бағдарлама ұсынылды. Ақынның әндері орындалып, көркемсөз шеберлері өлеңдері мен қара сөздерінен үзінділер оқыды. Бұл – ұлы ойшылдың рухани мұрасын бүгінгі ұрпаққа тағы бір мәрте танытқан тағылымды кездесу болды.

Жиында сөз сөйлеген Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Әлібек Әлденей Абай мұрасының қазіргі қоғам үшін де маңызы зор екенін атап өтті.

– Бүгін қазақ руханиятының ұлы тұлғасы, хакім Абайдың рухына тағзым ету үшін жиналып отырмыз. Абай – бір дәуірдің ғана емес, ұлттың әр кезеңіне жол көрсететін ойшыл. Оның «Пайда ойлама, ар ойла», «Ғылым таппай мақтанба» деген өсиеттері бүгінде де өзекті. Абай мұрасын насихаттау – болашаққа салынған инвестиция. Себебі Абайды оқу – білімге ұмтылу, адал еңбек ету және жауапкершілікті сезіну деген сөз, – деді Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Әлібек Әлденей.

Оның айтуынша, Қарағанды өңірінің Абай әлемімен тарихи байланысы терең. Қарқаралы – Құнанбай қажы ел басқарған, жас Абайдың да ат басын бұрған тарихи мекен. Осы сабақтастықты жалғастыру мақсатында өңірде ақын мұрасын дәріптеуге бағытталған жүйелі жұмыстар жүргізіліп келеді.

Мектептерде «Абайтану» курстары оқытылып, ақын шығармаларын насихаттайтын түрлі байқаулар мен мәдени-ағартушылық жобалар ұйымдастырылуда. Былтыр Абайдың 180 жылдығына орай өңірде кешенді жоспар қабылданып, бірқатар ауқымды іс-шара жүзеге асырылды. Ал биылдың өзінде ақын мұрасын дәріптеуге бағытталған 155-ке жуық шара өткізілген.

Бұл бағыттағы жұмыстарға «Кітап оқитын ұлт» жобасы да өз үлесін қосып отыр. Былтыр басталған жоба аясында оқырмандарға ұсынылатын шығармалар тізіміне Абайдың өлеңдері мен қара сөздері енгізілген.

Шара барысында қазақ әдебиеті мен Абай мұрасын насихаттауға бағытталған «Paraqta.kz» цифрлық платформасының таныстырылымы да өтті. Онлайн платформа кітап оқу үдерісін жүйелеуге мүмкіндік береді. Оқырман арнайы таймер арқылы кітап оқуға жұмсаған уақытын белгілеп, оқыған бет санын тіркей алады. Сонымен қатар шығарма туралы пікір қалдырып, басқа оқырмандармен ой бөлісуге және өз нәтижесін жалпы оқырмандар арасында бақылауға мүмкіндік бар.

Жоба іске қосылғанына 11 ай ішінде платформаға 4182 оқырман тіркеліп, пайдаланушылар жалпы 752 615 бет кітап оқыған.

Мерекелік бағдарламаның тағы бір маңызды жаңалығы – ашық аспан астындағы «Book Picnic» әдеби оқу алаңының ашылуы. Мұнда қала тұрғындары мен қонақтарына табиғат аясында кітап оқып, Абайдың өлеңдері мен қара сөздерін тамашалауға мүмкіндік жасалды.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, әдеби алаңның негізгі мақсаты – кітап оқу мәдениетін қалыптастырып, оқырмандарды ортақ қызығушылық төңірегіне біріктіру.

Жаңа алаңның ең жас оқырманы – 8 жаста. Әріп танығаннан бері кітап оқуды әдетке айналдырған бүлдіршін Абай Құнанбайұлының және басқа да ойшылдардың шығармаларын қызығушылықпен оқиды.

Шараға қатысқан қала тұрғыны Алтынай Мұхтарова да Абай шығармашылығының жас ұрпақ үшін маңызын атап өтті.

– Мектеп жасымнан бастап кітап оқимын. Абайды да мектеп қабырғасынан бастап сүйіп оқимын, әндерін жақсы көремін. Қазіргі жастар Абайды көп оқыса, болашаққа дұрыс жол ашуына көмектесер еді, – дейді қала тұрғыны Алтынай Мұхтарова.

Қарағандыда кітап оқу мәдениетін дамытуға бағытталған жаңа бастамалар мұнымен шектелмейді. Алдағы уақытта қала орталығындағы «Керуен» заманауи ойын-сауық орталығында арнайы кітапхана ашу жоспарланып отыр.

Жалпы аумағы 180 мың шаршы метр болатын орталықтағы жаңа кітапхана тұрғындардың еркін келіп, кітап оқуына, пікір алмасуына және жаңа идеялармен бөлісуіне мүмкіндік беретін заманауи мәдени кеңістікке айналмақ.

Абайды ұлықтау – оның шығармаларын жатқа білумен ғана шектелмейді. Ұлы ойшылдың «толық адам» идеясы мен адамгершілік, білім, еңбек туралы ойларын күнделікті өмірде ұстану – ақын мұрасын жалғастырудың ең маңызды жолдарының бірі.

Қарағандыда өткен шара осы құндылықтарды насихаттауға арналды. Абай сөзі арқылы ойды оятып, кітап оқу арқылы сананы дамытуға үндеген мәдени бастама қала тұрғындары үшін мазмұнды рухани кездесуге айналды.

Қанағат ЖИЕНҚҰЛОВА,

«QH»