Ақылы жолдардағы алғашқы нәтиже
Қазақстандағы жаңадан ақылы болған үш автожол учаскесімен алғашқы бір айда 528 мыңнан астам көлік өтті. Ең жоғары көлік ағыны «Қарағанды – Балқаш – Бұрылбайтал» бағытында тіркелді.
«ҚазАвтоЖол» мәліметінше, 10 шілдеден бастап ақылы жүйеге көшкен «Қарағанды – Балқаш – Бұрылбайтал» және «Бұрылбайтал – Күрті», ал 11 шілдеден бастап «Талдықорған – Өскемен» автожолдарындағы қозғалыс көлемі айтарлықтай жоғары болған.
Бір айда «Қарағанды – Балқаш – Бұрылбайтал» учаскесімен 290 мың көлік өткен. Бұл үш бағыт бойынша тіркелген жалпы қозғалыстың шамамен 55 пайызын құрайды. «Талдықорған – Өскемен» жолында 181 мың, ал «Бұрылбайтал – Күрті» учаскесінде 58 мың көлік тіркелген.
Алғашқы айдың статистикасы Қарағанды – Балқаш – Бұрылбайтал бағытына сұраныстың жоғары екенін көрсетіп отыр. Бұл жол елдің орталық және оңтүстік өңірлерін байланыстыратын маңызды көлік дәліздерінің бірі саналады.
Осылайша, ақылы режимнің алғашқы айы аталған жолдардағы нақты көлік қозғалысының қарқынын бағалауға мүмкіндік берді.
Бекасыл ЕРАСЫЛ,
«QH»

