Қарттарға құрмет – ұрпақ парызы

«Қарты бар елдің қазынасы бар» деп өскен халықтың өкіліміз ғой. Елімізде зейнет жасына жетіп, өнегелі өмірімен ұрпаққа үлгі көрсетіп отырған азаматтарға қашан да құрмет көрсетіледі. Бұл – қанға сіңіп, санаға берік орнаған ұғым. Биыл да Қарттар күні мерекесінде қаламыздағы ардагерлерге құрмет пен қошемет көрсетілді.

Қала әкімі Ермағанбет Бөлекбаев ұзақ жылдар бойы аймақ телевизиясында еңбек етіп, көпшіліктің жүрегінен ойып орын алған ардагер журналист Галина Рахимованың үйіне арнайы барып мерекесімен құттықтады.

Галина Сағындыққызы облыстық «Сарыарқа» телеарнасында 40 жыл диктор болып қызмет еткен. Ақпарат саласындағы ұзақ жылғы еңбегі ескеріліп, «Ерен еңбегі үшін», «Мәдениет қайраткері» медальдарымен марапатталған.

Ардагер журналист мереке қарсаңында үлкендерді ескеріп құрмет көрсеткен қала басшылығына алғыс білдіріп, батасын берді.

Дәл осы күні Қалалық ішкі саясат бөлімінің басшысы Нұржан Ильяшев ұзақ жылдар бойы ауылшаруашылық саласын өркендету жолында еңбек еткен Әли Қанапияұлының шаңырағына барып, Қарағанды қаласы әкімінің атынан құттықтап шықты. Бүгінде Әли ата мен Зияда апамыз екеуінің шаңырақ көтергендеріне 65 жыл толып отыр. Үлкен әулетке айналған отбасы 9 бала тәрбиелеп өсірген. Бүгінде олардан 20 немере, 10 шөбере сүйіп отыр.

– Қарттардың мерекесі құтты болсын! Ұрпақтарына ұлағатты сөздер айтып, солардың жақсы азамат болуына септігі тисін. Жастарға кеңесімізді айтамыз. Оның ішінде уақыттың, денсаулықтың қадірін біліңдер дейміз. Уақытты босқа өткізбей, пайдалы іспен шұғылданыңдар, ата-аналарыңды құрметтеңдер деп ақыл-кеңесімізді айтып отырамыз, – дейді Әли ақсақал.

Мереке күнінде қалалық әкімдік өкілдері шаһарымызда тұратын өзге де қарттардың үйіне арнайы барып құттықтап шықты. Саналы ғұмырын адал еңбекке арнап, бүгінде ұрпаққа өнеге көрсетіп отырған зейнеткерлерге азық-түлік себеттері табысталды.

Арман АБИЛҚАСЫМОВ,

«QH»