Кеңесшілердің келелі ісі

Қарағандыда жыл сайын иммундық тапшылық вирусын жұқтыратын 300-ге жуық адам тіркеледі. Олардың кейбірі қанда қауіпті вирустың барын алғаш естіген кезде өмірден баз кешіп кетеді екен. Бұл кезде дәрігер де, психолог те емес, өзі де АИТВ жұқтырған тең дәрежедегі кеңесшілердің қолдауы оң нәтиже көрсеткен.

Қарағандылық Жаннаның (аты-жөні өзгертілді) өмірі фантастикалық фильмнің сценарийіне бергісіз. Ол осыдан 20 жыл бұрын есірткі қабылдап жүріп АИТВ жұқтырған. Артынша 6 рет істі болып, Қазақстан мен Ресейде түзету мекемелерінде болды. Ал бүгін оның астында қымбат шетелдік көлік, жеке бизнесі бар. Екі баланың анасы атанып, олардан екі немере сүйіп отырған келіншек ендігі өмірін жастық желікпен шалыс басып, өмірден түңілген азаматтарға көмек көрсетуге арнапты.

– Олардан мұндай диагноз анықталған кезде, өмірі аяқталғандай қабылдайды. Мен «маған қараңдар» деп қалжыңдаймын. «Жасым 55-те, бірақ әлдеқайда жас көрінем» деймін. Өткенге өкініп, қалған өмірдің тас-талқанын шығаруға болмайды. Қазіргі терапияны дұрыс қабылдаса, ұзақ әрі бақытты ғұмыр кешуге болады. Менің пациентерімнің арасында 4-5 баласы барлар бар. Оларға солар үшін аяққа тұру керек екенін айтамын. Біз дәрігерлер мен пациенттер арасындағы мықты байланыс сияқты қызмет етеміз, – дейді Жанна.

Қарағанды облыстық ЖИТС-тің алдын алу және күрес орталығы пациенттерге диспансерлік бақылаудан өзге әлеуметтік қолдау көрсетіп, психологиялық көмек береді. Мұнда арнайы оқып, білімін жетілдірген тең дәрежелі 10 кеңесші бар. Олардың әрбірінде 300-ге жуық пациент бар. Науқастар әлеуметтік желіде топ ашып, басқа түскен кеселге барынша қарсы тұруға тырысады.

– Науқасқа шалдыққандар өз мәселелерімен жеке қалмайды. Оларға тең кеңесшілер жақсы көмек көрсетуде. Алайда кез келген адам тең кеңесші бола алмайды. Олар арнайы оқудан өтіп, тағылым алады. Бұл науқастар бізге келген кезде психологиялық тұрғыда ауыр болып келеді. Өйткені өзіне қатысты мұндай диагноз естіген әр адам қиналып келеді. Сол кезде осы кісілердің көмегі өте зор, – дейді облыстық ЖИТС-тің алдын алу және күрес орталығының дәрігер-инфекционисі Ботагөз Жантақбаева.

Өңірде тоқсаныншы жылдардан бері 7 мыңға жуық адамнан қауіпті індет анықталса, оның 3 мыңнан астамы көз жұмған. Бүгінде 4 мыңға жуық пациент тіркеуде тұр. Мамандар ем-шараны үздіксіз қабылдаған науқастың көп жасауына мүмкіндік мол екенін айтып отыр. Айтпақшы, індеттің 70 проценті қорғанбаған жыныстық қатынас салдарынан болса, 25 проценті бір инені пайдалану салдарынан жұғады.

Расул МҰХАММЕД,

«QH»