Агроөнеркәсіп саласында істейтін кәсіпкерлер саны қысқарған
Қазақстанда биыл ауылшаруашылығы саласында тер төгіп, қызмет ететін жеке кәсіпкерлердің саны азайған. Биылғы жылы елімізде ауыл, орман және балық шаруашылығы саласында 255,6 мың жеке кәсіпкер тіркелген, яғни былтырғыдан 0,3% аз.
Бұл сан елеусіз ғана дерсіз, оның үстіне, пандемия мен шектеулер бар, сірә, сол жағдаяттар әсер еткен деп жылы жауып қоюға да болар еді. Бірақ 2017 жылдан бері 209 мыңнан, тіпті өткен жылы пандемия көк атына мініп тұрған кезде де 243 мыңнан асқан сала мамандарының біразы ата кәсіпке құлықсыздық танытқан. Ал агрокешеннің елде ЖІӨ-ге мұнай саласынан кейінгі едәуір жақсы динамика көрсетуі тиіс сала екенін ескерсек, сөзсіз, бұл — алаңдайтын жағдай.
2020 жылдың қорытындысы бойынша, аталған сала барлық макрокөрсеткіштер бойынша өсімге қол жеткізген болатын. Мәселен, ауылшаруашылығы жалпы өнімінің көлемі 5,6%-ға артып, 6,3 трлн. теңгеге жеткен. Мұндай өсімге мемлекеттік аграрлық саясат индикаторларының жоспарлы түрде орындалуы, сондай-ақ жүйелі жұмыс пен өткен жылдың көктемінде дағдарысқа қарсы шұғыл шешімдердің дер кезінде қабылданғаны ықпал еткен еді. Мысалы, өсімдік шаруашылығындағы барлық субсидия бірыңғай ережелерге біріктіріліп, өсімдіктерді қорғау құралдарын субсидиялау кеңейтілген. Енді гербицидтер ғана емес, пестицидтердің басқа да түрлері субсидияланады.
” Басты жаңалықтардың бірі — субсидияларды бекітілген уақытта ғана емес, тұқымды, тыңайтқышты, пестицидтерді сатып алынған күннен бастап жыл он екі ай ала алатын мүмкіндік берген.
2019 жылғы 17 қыркүйекте Мемлекет басшысы ауылды және агроөнеркәсіп кешенін дамыту мәселелері жөнінде өткізген кеңесте де ауылшаруашылығы саласының бірқатар өткір проблемаларына жекежеке тоқталған. Атап айтқанда, Қасым- Жомарт Тоқаев әлемде тұрақты әрі жоғары сұранысқа ие тиімділігі жоғары дақылдарды (жасымық, зығыр, соя) өсіруге көшу есебінен еңбек өнімділігін арттыру қажеттігін айтты. Оның айтуынша, органикалық ауылшаруашылығы өндірісін дамытып, заманауи агротехнология мен инновацияны енгізу керек
— Үкімет агрохимия қызметін күшейту, гербицидтердің, минералды тыңайтқыштардың және элиталық тұқымдардың қолжетімділігін қамтамасыз ету жөнінде түбегейлі шаралар қабылдауы қажет, — деді Президент. Мемлекет басшысы Үкіметке өндірістің ел аумағында орналасу әлеуетін зерттеу арқылы ауылшаруашылығы техникалары паркінің тозуына қатысты мәселені шешуді тапсырды.
Әлемдік тәжірибені ескере отырып минералдау негізінде топырақтың құнарлылығын жақсарту — маңызды міндет. Мемлекет басшысы бұл мәселені шешу үшін шетелден инвестор тарту арқылы ел аумағында тыңайтқыштар мен пестицидтер шығаратын дайын лицензиясы бар зауыттар салуды тапсырды.
Президент барлық ауылшаруашылық жерлерінің есебін алу ісін аяқтаудың, жер кадастрын цифрландырудың және жерлердің пайдаланылуын ғарыштық мониторинг жасау арқылы анықтауға көшудің маңыздылығына арнайы тоқталды.
Баяндамада мал шаруашылығын дамыту мәселесіне зор көңіл бөлінді. Мемлекет басшысы қой етін, құс етін, қозы етін өндірудің, сүтті мал шаруашылығын дамытудың және мал шаруашылығы өнімін экспортқа шығару ісін ілгерілетудің келешегі бар деп есептейді. Бұл үшін алдағы 10 жылда қосымша 50 миллион гектар жайылымдық жер пайдалануға беріледі.
” Сонымен қатар Президент Үкіметке жемшөп бағасының жоғары болу себебіне қатысты мəселені түбегейлі реттеуді тапсырды.
Қасым- Жомарт Тоқаев еліміздің қайта өңделген өнімдері сыртқы нарықта кедергілерге тап болып жатқанын айтты. Осыған байланысты Мемлекет басшысы отандық тауарларды мақсатты түрде ілгерілетуді және шетелдік серіктестердегі өзгерістерге қатысты дер кезінде әрекет етуді тапсырды.
Мемлекет басшысы отандық аграрлық ғылымды дамыту ісіне және кейінгі жылдары деңгейі айтарлықтай төмендеген кадрлардың әлеуетіне арнайы тоқталды.
— Ұлттық аграрлық ғылым- білім орталықтарындағы еңбеккерлердің тек 20 пайызының ғылыми дәрежесі бар. Сондықтан аграрлық салада болашағы бар жас ғалымдардың пулын жасақтау қажет, — деді Қасым- Жомарт Тоқаев.
Сонымен, ауылшаруашылығы саласы былтыр құрғақшылықтан да едәуір зәбір көргені рас, биыл бұл бағытта қандай өзгеріс болмақ? Ауылшаруашылығы министрлігі жемшөппен қамтамасыз ету мәселелерін шешу үшін жемшөп өндірісі саласын дамытудың 2022–2025 жылдарға арналған Жол картасы әзірленіп, іске асырыла бастағанын, оның шеңберінде егіншілікті нақты әртараптандыру қамтамасыз етілгенін айтқан.
Ағымдағы жылғы көктемгі егіс жұмыстарын уақытылы және сапалы жүргізу мақсатында «Кең дала» бағдарламасы арқылы ауылшаруашылығы тауарын өндірушілерді 70 млрд. теңге көлемінде жеңілдікпен несиелендіру және азық-түлік корпорациясы форвардтық сатып алуға 80 млрд. теңгеге қамтамасыз етіледі.
Сонымен қатар, министрдің айтуынша, алдағы көктемгі егісті уақытылы дайындау және сапалы жүргізу үшін өткен жылғы құрғақшылық пен қажетті өндіріс құралдарына бағаның өсуі елеулі қиындықтар туғызып отыр. «Осыған байланысты фермерлерді қолдау мақсатында республикалық бюджетті нақтылау кезінде көктемгі егіс жұмыстарына бюджеттік кредитті ұлғайту мүмкіндігін қарастыруды сұраймыз», — деді министр.
Ауылшаруашылығы тауар өндірушілерін нарықтық бағадан 15%-ға төмен бағамен кемінде 380 мың тонна дизель отынымен қамтамасыз ету мәселелері шешіліп жатыр, фермерлердің минералды тыңайтқыштарға деген қажеттіліктерін толық қамтамасыз ету туралы келісімге қол жеткізілді. Тұқым, тыңайтқыштар мен пестицидтер сатып алуды субсидиялауға 70 млрд. теңге қарастырылған.
«Облыстардың деректері бойынша, 2022 жылы ауылшаруашылығы дақылдарын 22,9 млн. га алаңға орналастыру жоспарланып отыр, бұл 2021 жылғы деңгейден 13,5 мың га артық. Жалпы көктемгі дала жұмыстарына дайындық жоспарлы түрде жүргізіліп жатыр», — дейді АШМ министрлігі.
Расул МҰХАММЕД,
«QH»