Музыка саласының болашақ мамандары бір алаңда жиналды

Қарағандыда алғаш рет «MusicTeacherSkills-2026» атты республикалық байқау ұйымдастырылды. Ауқымды шараға еліміздің әр өңірінен келген болашақ музыка мұғалімдері қатысып, өзара тәжірибе алмасып, шеберліктерін көрсетті.

Екі күнге жалғасатын байқау бағдарламасы бес негізгі модульден құралған. Алғашқы кезеңде қатысушылар цифрлық технологиялар мен жасанды интеллект мүмкіндіктерін пайдаланып, өздерін таныстыратын бейнероликтерін ұсынады. Келесі кезеңде олар музыкалық аспапта орындаушылық қабілеттерін көрсетіп, шығармашылық сайыста бақ сынайды. Бұдан бөлек, болашақ педагогтар мектептегі музыка сабағынан үзінді көрсетіп, балабақшадағы музыкалық тәрбиеге қатысты әдістемелік тапсырмаларды орындайды. Қорытынды кезеңде қатысушылардың теориялық дайындығы музыкалық викторина арқылы бағаланады.

– Әр модульге ерекше мән беріп, барлығына кезең-кезеңімен мұқият дайындалдым. Осы еңбегім нәтижесін беріп, жасаған дайындығым өз жемісін береді деп сенемін, – деді Шараға қатысушы Ұлжан Бижақсынова.

Байқауға Қазақстанның тоғыз өңірінен келген студенттер қатысып, өзара бақ сынады. Қатысушылардың арасында ұйымдастырушы оқу орны – Қарағанды жоғары гуманитарлық колледжінің білім алушылары да бар.

– Байқаудың негізгі мақсаты – болашақ музыка мұғалімдерінің кәсіби біліктілігін жетілдіріп, олардың шығармашылық мүмкіндіктерін дамыту және өзара педагогикалық тәжірибе алмасуына жағдай жасау. Аталған додаға алдағы уақытта музыка пәнінен сабақ беруді көздейтін, негізінен жоғары курс студенттері қатысуда, – дейді Қарағанды облысының Білім басқармасы басшысының орынбасары Бейсенбек Насимуллин.

Байқау нәтижесінде жеңімпаздар дипломдармен марапатталып, барлық қатысушыға сертификаттар мен естелік сыйлықтар табыс етіледі. Бұл байқаудың ерекшелігі – қатысушыларды бірнеше оқытушының бірлесіп дайындауы болып табылады. Сол себепті ұйымдастырушылар оларды да назардан тыс қалдырмай, еңбектерін жоғары бағалап, алғысхаттармен марапаттауды жоспарлап отыр.

Жұпар АМАНБАЙҚЫЗЫ,

«QH»