Жауапкершілік пен жедел әрекет күшейеді

Қазақстанда балаларға қатысты зорлық-зомбылық және қиянат жасау жағдайларына жедел ден қоюдың бірыңғай ведомствоаралық алгоритмі бекітілді. Жаңа жүйе балалардың құқықтарын қорғау тетіктерін күшейтіп, әрбір оқиғаға нақты жауапты маман бекітуді көздейді.

Бұл жаңашылдықты енгізген Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігі өкілдерінің айтуынша, негізгі мақсат – ведомстволар арасындағы жауапкершіліктің шашыраңқылығын жойып, әрбір балаға нақты әрі үздіксіз қолдау көрсету.

Алгоритмнің басты ерекшелігі – кейс-менеджерлер институтының енгізілуі. Енді анықталған әрбір жағдай бойынша жеке маман тағайындалады. Ол құқық қорғау органдарынан бастап әлеуметтік қызметтерге дейінгі барлық құрылымдардың жұмысын үйлестіріп, баланың жағдайы толық қалпына келгенше сүйемелдеу жүргізеді.

Жаңа ереже бойынша ден қою мерзімдері нақты белгіленген. Баланың құқықтарына қатысты кез келген зорлық-зомбылық дерегі туралы ақпарат уәкілетті органдарға дереу жеткізіледі. Бір сағат ішінде мәліметтер балалардың құқықтарын қорғау органдарына жолданады. Бір жұмыс күні ішінде кейс-менеджер тағайындалып, баланың өмір сүру жағдайына зерделеу жүргізіледі. Ал үш жұмыс күнінен кешіктірілмей материалдар кәмелетке толмағандар істері жөніндегі комиссияға ұсынылуы тиіс.

Маңызды жаңашылдықтың бірі – ақпарат көздерінің кеңеюі. Бұған дейін тек ресми өтініштер негізге алынса, енді балалардың өз сигналдары, 111 байланыс орталығы деректері, әлеуметтік желілер мен бұқаралық ақпарат құралдарындағы мәліметтер де назарға алынады. Бұл жағдайларды ертерек анықтауға және жедел әрекет етуге мүмкіндік береді.

Мамандардың пікірінше, мұндай жүйе баланың қауіпсіздігін қамтамасыз етуде маңызды қадам болмақ. Себебі бұрын кей жағдайларда әртүрлі мекемелердің арасында жауапкершілік бөлініп, шешім қабылдау уақыты созылып кететін. Ал жаңа алгоритм бір орталықтан үйлестірілген нақты әрекет тәртібін енгізеді.

Балалар құқығын қорғау саласындағы сарапшылар бұл өзгерісті оң бағалап отыр. Олардың айтуынша, кейс-менеджерлер институты тек бақылау емес, сонымен бірге бала мен отбасыға кешенді әлеуметтік көмек көрсетуді де қамтамасыз етеді.

Жалпы алғанда, жаңа алгоритм балаларға қатысты кез келген қауіпке жедел әрі жүйелі әрекет етуді мақсат етеді. Бұл – баланың құқығын қорғауды тек қағаз жүзінде емес, нақты өмірде іске асыруға бағытталған маңызды қадам.

 

Оқу-ағарту министрлігінің ақпараты негізінде