Бюджет қаржысы: табыс артты, түйткіл де аз емес

2025 жылғы облыстық бюджеттің орындалуы және ауылдық жерлердегі денсаулық сақтау жүйесінің ахуалы Қоғамдық кеңес отырысында жан-жақты талқыланды. Жиын барысында қоғамдық белсенділер салық түсімдерінің деңгейін, бөлінген қаражаттың тиімді игерілуін, сондай-ақ өңірдегі фельдшерлік-акушерлік пункттердің қызмет сапасын көтеру мәселелерін қозғады.

2025 жылғы бюджеттің орындалу деңгейі 99,5 пайызды құрады. Соған қарамастан, бірқатар бағдарлама толық көлемде жүзеге асырылмай қалған. Игерілмеген қаржының басым бөлігі екі салаға тиесілі болып отыр. Табиғи ресурстар басқармасы және жолаушылар көлігі мен автомобиль жолдары басқармасы. Ал кіріс бөлігінде керісінше оң нәтиже байқалады – жоспардан 7 миллиард теңгеден астам қаражатқа артық түсім қамтамасыз етілген.

– Республикалық бюджеттен түсетін қаражат өткен жылдың профициті есебінен жоспарланған еді. Нәтижесінде орта есеппен 7,4 миллиард теңгеге артық орындалу тіркеліп, бюджет теңгерімі қамтамасыз етілді, -деді Қарағанды облысы Мемлекеттік сатып алу басқармасының басшысы Елнар Уахитов.

Негізгі талқыланған мәселелердің бірі – корпоративтік және жеке табыс салығы, сондай-ақ әлеуметтік салық бойынша жоспарлы көрсеткіштердің толық орындалмауы болды. Сонымен қатар дебиторлық берешектің артуына ерекше назар аударылды. Қатысушылардың айтуынша, бұл қарыздар жыл сайын айтарлықтай қысқармай, келесі қаржы кезеңіне ауысып отырады. Осыған байланысты қоғамдық кеңес мүшелері берешекті азайту жолдарын қарастырып, қаржылық тәртіпті күшейту қажеттігін ұсынды.

– Уәкілетті органдар қаражатты қайтару бағытында қандай нақты шаралар қабылдап жатқанын және қандай жағдайларда тиісті әрекеттердің жүргізілмегенін анықтау маңызды. Сонымен қатар мерзімінің өтуіне байланысты мұндай қаражатты есептен шығару мәселесін қарастыру қажеттігі де туындап отыр, – дейді Қарағанды облыстық Қоғамдық кеңесі төрағасының міндетін атқарушы Рустам Танишбеков.

Бюджет қаражатын уақтылы игеру мәселесі күн тәртібіне шығарылды. Өткен жылы қаражаттың игерілмеу қаупі тек 10 айдың қорытындысы бойынша ғана белгілі болған. Қоғам белсенділері мұндай тәуекелдерді жыл ортасында, яғни бірінші жартыжылдықтың нәтижелері негізінде ертерек анықтау қажеттігін алға тартты. Сонымен қатар, отырыс барысында ауылдық елді мекендердегі денсаулық сақтау жүйесінің қазіргі ахуалы да талқыланды.

– Басқарма тарапынан барлық ауданға барып, тексеру жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде медициналық ұйымдардың барлығы штаттық режимде жұмыс істеп тұрғаны және пациенттерді тұрақты түрде қабылдайтыны анықталды. Сонымен қатар кадрлық қамтамасыз ету толық жолға қойылған. Барлық мекеме ашық, фельдшерлер мен медбикелер жеткілікті деңгейде жасақталған, –деп атап өтті Облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Жанара Жұмақаева.

Денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, барлық медициналық нысан қалыпты режимде жұмыс істеп, мамандар тапшылығы жоқ деңгейде қамтамасыз етілген және пациенттерді қабылдау тұрақты түрде жүргізілуде. Сонымен қатар Шет ауданында телемедицина бағытында пилоттық жоба іске асырылған. Соның нәтижесінде шалғай ауылдардың тұрғындары елді мекеннен шықпай-ақ облыстық деңгейдегі дәрігерлерден онлайн кеңес алу мүмкіндігіне ие болып отыр.

– Өткен жылы Денсаулық сақтау министрлігімен бірлесіп, қыркүйек пен желтоқсан айлары аралығында Шет ауданында телемедицина бағытындағы пилоттық жоба жүзеге асырылды. Жоба аясында ауыл тұрғындары облыс деңгейіндегі мамандардан телемедициналық консультациялар алып отырды. Сол кезеңде мен де Шет ауданына қарасты Красная Поляна ауылына барып, аталған жобаның іске асырылу барысына өз көзіммен куә болып қайттым, – деді Жанара Жұмақаева.

Қоғам өкілдері ауылдық аймақтарды білікті мамандармен қамту жұмыстарын күшейту қажеттігін атап өтті. Сондай-ақ Теміртау, Шахтинск және Саран қалаларында дәрігерлер тапшылығы мәселесі күн тәртібіне шығарылды.

Қанағат ЭДУАРДҚЫЗЫ,

«QH»