Тойға кеткен қаржы ел игілігіне жұмсалса…
Қазақ қоғамында той-томалақтың орны ерекше. Ол – ағайынның басын қосып, қуанышты бөлісетін, ұрпақтан ұрпаққа жалғасқан дәстүр. Алайда соңғы жылдары мерекелік шараларға шамадан тыс қаржы жұмсау, тіпті несие алып той жасау мәселесі жиі көтеріліп жүр. Екінші жағынан, кәсіпкерлікке салынатын қаражаттың едәуір бөлігі қызмет көрсету саласына бағытталып, өндірісті дамытуға деген қажеттілік өзекті болып отыр. Осы мәселелер Қарағандыда өткен дөңгелек үстелде талқыланып, ұлттық дәстүрдің мазмұнын сақтай отырып, үнемшілдік мәдениетін қалыптастыру жөнінде ұсыныстар айтылды.
Қазақ үшін той – жай ғана мереке емес, елдіктің, татулық пен сыйластықтың белгісі. Дегенмен қуанышты оқиғаны міндетті түрде үлкен мейрамханада өткізіп, жүздеген қонақ шақыру қалыпты жағдайға айналып барады. Мұндайда кейбір отбасылар өз мүмкіндігінен тыс шығындалып, қарызға кіруге мәжбүр болады. Ал бір күндік салтанатқа жұмсалған қаржы отбасының баспана алуына, бала оқытуына немесе өзге де маңызды қажеттіліктеріне жарауы мүмкін.
Той жүргізушісі Айтуған Рысалдының пікірінше, бүгінде той қазақ қоғамының басын қосатын маңызды ортаға айналған. Сондықтан мерекелік жиындарда көңіл көтерумен қатар, тәрбиелік мән мен ұлттық құндылықтарға да назар аудару қажет.
– Үйлену тойы, қыз ұзату, сүндет той сияқты дәстүрлі шаралардың орны бөлек. Бірақ әрбір қуанышқа 200–300 адам шақырып, даңғаза той жасау міндетті емес. Ең бастысы – тойдың тәрбиелік мәні мен мазмұны, – дейді Айтуған Рысалды.
Оның пайымынша, тойдың қадірі қонақ саны мен жұмсалған қаражаттың көлеміне қарай өлшенбеуі керек. Ал адамның кәсіби дамуы мен тұрақты жұмысы ұзақ мерзімді табысқа жол ашады. Той жүргізушілікті де негізгі мамандық ретінде ғана емес, қосымша табыс көзі немесе шығармашылық қызығушылық ретінде қарастыруға болады.
Өндіріс ашу неге қиын?
Мәселенің экономикалық жағы да назар аударуды қажет етеді. Кәсіпкерлер үшін тойхана, мейрамхана және өзге де қызмет көрсету нысандарын ашу кей жағдайда өндіріс орнын іске қосуға қарағанда тиімді көрінуі мүмкін. Өйткені өндіріс құруға қомақты инвестиция, арнайы инфрақұрылым, технология және ұзақ мерзімді жоспар қажет. Бұған қоса, әкімшілік кедергілер мен салықтық міндеттемелер де кәсіпкердің шешіміне әсер етеді.
Ал өндірісті дамыту – жаңа жұмыс орындарын ашудың, отандық өнім көлемін арттырудың және өңір экономикасын нығайтудың маңызды тетігі. Сондықтан кәсіпкерлікке арналған қолдау шараларының нәтижесі бөлінген қаражатпен ғана емес, оның нақты қай салаға бағытталып, қандай экономикалық нәтиже бергенімен бағалануға тиіс.
«Орталық Қазақстан» газетінің бас редакторы Ерсін Мұсабеков кәсіпкерлікті қолдау мәселесіне тұрақты назар аудару қажеттігін атап өтті. Облыстық мәслихат жанындағы арнайы комиссия шағын және агробизнесті дамыту бағытындағы жұмыстарды қарастырып, «Даму» қорының, Аграрлық несие корпорациясының және Кәсіпкерлер палатасының өкілдерімен кездесулер өткізеді.
Дөңгелек үстелде келтірілген мәліметке сәйкес, биыл Қарағанды облысында шағын және орта бизнесті қолдауға 15 миллиард теңге бөлінген. Сонымен қатар салық мөлшерлемесі 4 пайыздан 2 пайызға дейін төмендетілген. Мұндай шаралардың кәсіпкерлерге қаншалықты мүмкіндік беріп отырғаны, әсіресе өндірістік жобалардың дамуына қалай ықпал ететіні маңызды.
Дәстүрдің мәні – даңғазада емес
Жиында той өткізу мәдениеті мен қоғамдық ортадағы әдеп нормаларын қалыптастыру мәселесі де сөз болды. Қарағанды облыстық мәслихатының депутаты Ермек Әбілдиннің айтуынша, осы бағытта тиісті ережелер қабылдау жөнінде құзырлы органдар мен облыстық мәслихатқа ұсыныс айтылған.
– «Орталық Қазақстан» газетінде өткен дөңгелек үстелде қазақ тойларындағы әдеп пен тәртіп нормаларын қалыптастыру мәселесі көтерілді. Осыған байланысты құзырлы органдар мен облыстық мәслихатқа тиісті ережелер қабылдау жөнінде ұсыныс айттық, – дейді Ермек Әбілдин.
Әрине, мәселе той өткізуден немесе кәсіпкерліктің қызмет көрсету саласын дамытуынан бас тартуда емес. Ең маңыздысы – қаржылық мүмкіндікті ескеріп, ысырапқа жол бермеу және кәсіпкерлік бастамаларды елге ұзақ мерзімді пайда әкелетін бағыттарға да бұру. Тойды қарызға батып өткізу отбасының әл-ауқатына кері әсер етуі мүмкін, ал өндірістік жобаларға салынған инвестиция тұрақты жұмыс орындарын ашып, өңірдің экономикалық әлеуетін арттыруға ықпал етеді.
Ұлттық дәстүрді сақтау мен үнемшіл болу бір-біріне қайшы ұғымдар емес. Керісінше, қуанышты орнымен атап өтіп, қолда барды ұқсата білу – тұрмыстық мәдениеттің де, жауапты қаржылық көзқарастың да белгісі. Тойдың сәні қонақтың көптігімен немесе дастарқанның молдығымен емес, берекесімен, ізгі тілегімен және тағылымды мазмұнымен өлшенгені жөн.
Қоғамға керегі – дәстүрден бас тарту емес, оның мәнін жоғалтпай, заманға сай ұстану. Ал кәсіпкерлікке бағытталған қаражат өндірісті өркендетуге, отандық өнім шығаруға және жаңа жұмыс орындарын құруға көбірек мүмкіндік берсе, оның игілігін тұтас ел көрмек.
Жұпар АМАНБАЙҚЫЗЫ,
«QH»
