Теміртауда «Таза Қазақстан» акциясы аясында көшеттерді қайта егу жұмыстары жүргізілді
Теміртауда «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық бастамасы аясында табиғатты аялау мәдениетін қалыптастыруға бағытталған акция өтті. Іс-шара барысында қатысушылар экология тақырыбындағы танымдық сабақтарға қатысып, қоршаған ортаны қорғауға арналған практикалық жұмыстарға атсалысты.
Акция аясында экология және табиғатты қорғау мәселелеріне арналған шеберлік сабақтары мен тренингтер ұйымдастырылды. Қатысушылар көшеттерді қайта егіп, өсімдіктердің жерсініп, әрі қарай жақсы өсуіне қолайлы жағдай жасау үшін оларды дұрыс отырғызу тәсілдерін меңгерді.
Шара тұрғындардың экологиялық сауатын арттырып қана қоймай, табиғатты қорғауға нақты ісімен үлес қосуына мүмкіндік берді. Қатысушылар қоршаған ортаға ұқыпты қараудың маңызын және туған қаланың тазалығын сақтауда әр адамның жауапкершілігі зор екенін атап өтті.
«Таза Қазақстан» бастамасының үйлестірушісі Яуда Мирас мұндай шаралардың жастардың экологиялық мәдениетін қалыптастырудағы маңызына тоқталды.
— «Таза Қазақстан» бастамасы қоршаған ортаның тазалығын сақтаумен ғана шектелмейді. Оның көздегені — табиғатқа деген жауапкершілікті қалыптастыру. Мұндай акциялар жастардың экологиялық мәдениетін арттырып, оларды туған қаласының тазалығын сақтауға белсенді атсалысуға ынталандырады. Қоршаған ортаға қамқорлық әрқайсымыздың нақты іс-әрекетімізден басталады, — деді ол.
Осындай бастамалар тұрғындардың экологиялық жауапкершілігін арттырып, жұртшылықты ортақ мақсат — туған қаланы таза әрі жасыл мекенге айналдыру жолында біріктіруге ықпал етеді.

