Қаламгер мұрасы – ұлт қазынасы

Қазақтың сөз өнерін дәріптеп, қаламгерлердің шығармашылық мұрасын ұлықтауға арналған «Қазақ жазушылары күні» ұлттық әдебиетке деген құрметті арттыруды көздейді. Атаулы күннің Мұхтар Әуезовтің туған күнімен тұспа-тұс келуі де бекер емес. Ұлы жазушының шығармашылығы қазақ әдебиетінің биігін айқындап, ұлттық руханияттың дамуына өлшеусіз үлес қосты.

Қазақ әдебиеті мен өнерін, салт-дәстүрі мен тарихи тұлғалар мұрасын насихаттайтын «Qazaq club» қоғамдық ұйымының жобасы алғаш рет 2019 жылы таныстырылған. Ұлттық құндылықтарды дәріптейтін күнтізбеге енгізілген атаулы күндердің қатарында қазақ сөз өнерінің көрнекті өкілдеріне арналған жазушылар күні де бар.

Мұндай бастамалардың мақсаты – қаламгерлердің шығармаларын кеңінен насихаттап қана қоймай, әдеби мұраға жаңаша көзқарас қалыптастыру. Әсіресе тәуелсіздік кезеңіндегі әдебиетті бағамдап, өткеннен сабақ алу маңызды.

«Тәуелсіздік жылдарындағы әдебиетті айтқанда, біз жоғалтқанымыздың көп екенін есте ұстауымыз керек. Тоталитарлық тәртіп кезінде көптеген талантты тұлғалар өз ойын толық жеткізе алмады. Сондықтан тәуелсіздік дәуірінде жазылған шығармаларды тек мақтап немесе сынап қана қоймай, олардан қандай тағылым алуымыз керек екенін ойланған жөн», – дейді Мәуен Хамзин, «Qazaq club» қоғамдық ұйымының әдебиет саласы бойынша бас кеңесшісі.

Қазақ әдебиетінің алып тұлғаларының бірі – Мұхтар Әуезов. Оның шығармашылық жолы Абай мұрасымен тығыз байланысты. Жазушы Абай шығармашылығын зерттеуге жастайынан ден қойып, ұлы ақынның өмірі мен әдеби мұрасын ғылыми тұрғыдан зерделеді.

Әуезовтің Абай тұлғасын әлемге танытудағы еңбегі айрықша. Абайдың өмірі мен шығармашылығын терең зерттеген қаламгер кейін оны көркем шығарма арқылы кеңінен танытты. Бұл ретте жазушының «Абай жолы» эпопеясы қазақ әдебиетінің ғана емес, әлем әдебиетінің көрнекті туындыларының біріне айналды.

«Мұхтар Әуезов сияқты ұлы жазушының шығармашылығын еске алғанда, оның Абайды әлемге танытудағы ерекше орнын атап өткен жөн. Абай ХІХ ғасырдағы қазақ әдебиетінің биігін көрсетсе, Әуезов ХХ ғасырда сол ұлы тұлғаның мұрасын жаңғыртып, дүниежүзіне танытты», – дейді Мәуен Хамзин.

Жазушының жиырма жылдан астам уақытын арнаған төрт томдық «Абай жолы» эпопеясы – оның шығармашылық мұрасының шоқтығы биік туындысы. Шығармада қазақ халқының тұрмыс-тіршілігі, салт-дәстүрі, қоғамдық өмірі мен рухани болмысы кеңінен суреттеледі.

Әуезовтің соңғы кезеңдегі шығармаларының бірі – «Өскен өркен» романы. Жазушы өмірден өткеннен кейін жарық көрген бұл туындыда сол кезеңнің қоғамдық ахуалы көрініс тапқан. Шығарма айналасында әдеби ортада түрлі пікірлер айтылып келеді.

Мұхтар Әуезовтің әрбір еңбегі – қазақ халқының тарихы мен рухани болмысын танытатын құнды мұра. Сондықтан жазушы шығармашылығын кейінгі ұрпаққа насихаттау, әдеби мұраны сақтау және ұлттық сөз өнеріне деген құрметті арттыру – маңызды міндет.

«Қазақ жазушылары күні» секілді бастамалар осы бағыттағы жұмыстарды жандандырып, оқырманды отандық әдебиетке жақындата түседі. Қаламгер еңбегін ұлықтау – өткенді бағалау ғана емес, ұлттық руханияттың сабақтастығын сақтаудың да бір жолы.

Бекасыл ЕРАСЫЛ,

«QH»