Мейірім – әлеуметтік қолдаудың бір үлгісі
Қарағандыда қарттар мен көмекке мұқтаж жандарға қолдау көрсететін әлеуметтік бастамалар жалғасып келеді. Соның бірі – 11 жылдан бері қала тұрғындарын қайырымдылық пен еріктілікке біріктіріп келе жатқан «Клуб добряков» қоғамдық бірлестігі. Ұйым мүшелері қиын жағдайға тап болған адамдардың жанынан табылып, қажетті көмегін көрсетіп, ең бастысы, олардың назардан тыс қалмауына ықпал етіп келеді.
Қарттар күні қарсаңында еріктілер жасы үлкен тұрғындардың үйлеріне барып, сыйлықтарын табыстап, көңілдерін сұрады. 95 жастағы Прасковья Ляпина үшін бұл кездесу ерекше қуаныш болды. Қария әлеуметтік қызметкердің тұрақты бақылауында болғанымен, адамға күнделікті тұрмыстық көмектен бөлек, жылы қарым-қатынас пен қарапайым әңгіме де қажет.
Оның ең үлкен арманы – далаға шығып, таза ауада серуендеу. Еріктілер бұл тілекті естіп, жақын арада орындауға ниетті екенін жеткізді.
«2014 жыл болатын. Ол кезде тұңғышымды дүниеге әкеліп, декретте отырған едім. Бос уақытым көп болғандықтан, адамдарға пайда тигізгім келді. Сол кезде әлеуметтік желіден Астанадағы «Клуб добряков» парақшасына тап болдым», – дейді Қарағанды қаласындағы «Клуб добряков» еріктілер қозғалысының жетекшісі Зара Шалабаева.
Осыдан кейін Зара Шалабаева Пришахтинскідегі Қарттар үйіне барып, ондағы қариялардың жағдайымен танысады. Бұл сапар оның еріктілік жолын айқындаған маңызды қадам болды. Қарапайым әңгімелесудің, бірге уақыт өткізудің өзі қарттардың көңіл күйіне оң әсер ететінін байқаған ол Қарағандыда қайырымдылық қозғалысын қалыптастыруға кірісті.
«Адамға адам керек. Қызметкерлердің орны бір бөлек, әрине. Олар жақсы қарайды, тамағын береді, тазалықты қамтамасыз етеді, мәдени шаралар ұйымдастырады. Бірақ сырттан келіп, әңгімелесетін, арнайы уақыт бөлетін адамдардың болуы да өте маңызды. Адам өзін біреуге қажет сезінуі керек», – дейді. Зара Шалабаева.
Бүгінде «Клуб добряков» мыңдаған қала тұрғынын қайырымдылық ісіне жұмылдырып отырған қоғамдық қозғалысқа айналды. Еріктілердің көмегі тек қарт адамдармен шектелмейді. Қиын жағдайға тап болған отбасыларға, балаларға және қолдауды қажет ететін өзге де тұрғындарға көмек көрсетіледі.
Қарттар күні қарсаңында еріктілер арнайы барған жандардың бірі – Валентина Стонога. Бұрын физика саласында еңбек еткен ол ұзақ жылдар бойы қоғамдық ортада белсенді жүрді. Жасы ұлғайып, денсаулығына байланысты үйден сирек шығатын Валентинаға бүгінгі таңда ең керегі – адаммен араласу, жылы сөз бен көңіл бөлу.
«Мен әрдайым адамдарға түсіністікпен қарауға, олардың бойынан жақсылық көруге тырысатынмын. Осы ішкі сезімім менің «Қайырымдылар клубына» қосылуға себеп болды. Жұмысымыздың нәтижесін көргенде ерекше қуанамын. Қиын жағдайға тап болған адамның қайтадан көңілі көтеріліп, өмірге деген құлшынысы артқанын көру – біз үшін үлкен қуаныш», – дейді, Әйгерім Ибкеева, Қарағанды қаласындағы «Клуб добряков» еріктілер қозғалысының еріктісі.
Еріктілердің айтуынша, мұндай әлеуметтік шаралардың басты мақсаты – көмекке мұқтаж жандарға материалдық қолдау көрсетумен қатар, олардың қоғамнан тыс қалмауына жағдай жасау. Әсіресе жалғыз тұратын қарттар үшін тұрақты қарым-қатынас пен назардың маңызы зор.
Қайырымдылық пен еріктілік – қоғамдағы өзара қолдауды күшейтетін маңызды бағыттардың бірі. Қарапайым ғана жылы сөз, бір сағат уақыт бөлу немесе халін сұраудың өзі адамға үлкен демеу бола алады. Қарағандылық еріктілердің 11 жылдан бергі жұмысы осыны көрсетіп отыр. Мұндай бастамалар аға буынға құрмет көрсетіп, әлеуметтік қолдауды күшейтуге және қоғамдағы мейірімділік мәдениетін қалыптастыруға ықпал етеді.
Құралай КӨБЕНОВА,
«QH»

