Қоңырау шалушы туралы ақпарат экранда көрінеді
Қазақстанда заңды тұлғалардан түсетін телефон қоңырауларын міндетті түрде таңбалау жүйесін енгізуге дайындық жүріп жатыр. Жаңа тәртіп абоненттерге бейтаныс нөмірдің ар жағында қандай ұйым тұрғанын алдын ала білуге мүмкіндік береді.
Тиісті заңнамалық түзетулер қабылданып, олардың бір бөлігі күшіне енді. Қазір Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі байланыс қызметтерін көрсету қағидаларын әзірлеп, мемлекеттік органдармен келісіп жатыр.
Жаңа жүйе іске қосылған жағдайда телефон экранында қоңырау шалушы ұйымның атауы көрсетіледі. Яғни абонентке банк, медициналық ұйым, дүкен немесе басқа да заңды тұлға хабарласса, оның кім екенін нөмірден бөлек анық көруге мүмкіндік болады.
Мұндай таңбалау жүйесі азаматтардың қоңырау шалушыны ажыратуына қолайлы жағдай жасап, телефон байланысындағы ашықтықты арттыруға бағытталған.
Міндетті таңбалауды енгізу жоспары тамыз айының басында жарияланған болатын. Қазіргі таңда негізгі мәселе – жаңа ережелерді бекітіп, жүйені іске қосу мерзімдерін нақтылау.
Жоспарланған жұмыстар белгіленген тәртіппен жүзеге асса, келесі жылдың басынан бастап қазақстандықтар телефон қоңырауы кезінде экраннан хабарласып тұрған ұйым туралы ақпаратты көре алады.
Бекасыл ЕРАСЫЛ,
«QH»

