Айыппұл жеңілдігіне жаңа талап қойылуы мүмкін
Қазақстанда жол ережесін жүйелі түрде бұзатын жүргізушілер үшін айыппұлды жеңілдікпен төлеу тәртібін қайта қарау ұсынылып отыр. Бұл мәселені Ішкі істер министрлігі жаңа Құрылтайда тағы да көтеруді жоспарлап отыр.
ІІМ вице-министрі Игорь Лепеханың айтуынша, кез келген жүргізуші жол ережесін байқаусызда бір-екі рет бұзуы мүмкін. Алайда ережені үнемі бұзатын, бір жыл ішінде ондаған айыппұл жинайтын жүргізушілер де бар. Осыған байланысты белгілі бір шек белгілеу ұсынылған.
Мәселен, бір жыл ішінде 10 рет құқық бұзған немесе бес өрескел бұзушылық жасаған жүргізушілерге айыппұлды жеңілдікпен төлеу мүмкіндігін шектеу нұсқасы қарастырылуда. Дегенмен бұл көрсеткіштер әзірге түпкілікті бекітілген жоқ.
Қазір Қазақстанда әкімшілік айыппұлды белгіленген талаптарға сәйкес жеті тәулік ішінде 50 пайыз мөлшерінде төлеу мүмкіндігі бар. Жеңілдік қолдану үшін құқық бұзушылық фактісін мойындау және айыппұлдың жартысын төлеуге келісу сияқты шарттар сақталуы тиіс.
ІІМ өкілінің мәлімдеуінше, ұсыныстың нақты талаптары, оның ішінде қандай құқық бұзушылықтар есепке алынатыны әлі талқылануда. Мәселе жаңа Құрылтайда қайта қаралып, кейін тиісті шешім қабылдануы мүмкін.

