Көпшілік армия реформасын қолдайды
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қарулы Күштерді реформалау жөніндегі шешімін қазақстандықтардың басым бөлігі қолдайды. Бұл «Демократия институты» ғылыми-зерттеу қауымдастығы жүргізген қоғамдық пікір сауалнамасында белгілі болды.
Мемлекет басшысы 27 қыркүйекте Қорғаныс министрлігінің басшылық құрамымен өткен арнайы кеңесте әскердегі жағдайға баға беріп, министрліктің жұмысына жан-жақты тексеру жүргізуді тапсырды. Сондай-ақ он күн ішінде армияны реформалау жоспарын әзірлеуді жүктеді.
Осыған байланысты «Демократия институты» 28-29 қыркүйекте қоғамның мемлекет қабылдап жатқан шараларға көзқарасын анықтау мақсатында сауалнама жүргізді. Зерттеу нәтижесіне сәйкес, респонденттердің 85,2%-ы Президенттің Қорғаныс министрлігін кешенді тексеру туралы шешімін толық немесе ішінара қолдайды.
Ал Қарулы Күштерді реформалау туралы шешімді қолдайтындар үлесі 85,7%-ды құрады.
Сауалнамаға қатысушылар армияда қандай өзгерістер қажет екенін де атаған. Ең көп ұсыныс Қорғаныс министрлігінің ашықтығы мен есептілігін арттыруға қатысты болды. Бұл бағытты респонденттердің 47,4%-ы таңдаған. Командалық құрамды жаңарту және оның кәсіби деңгейін көтеруді 34,3%, қорғаныс саласындағы жемқорлыққа қарсы күресті күшейтуді 29,4% қолдаған.
Әскери қызметшілердің күнделікті жағдайын жақсарту мәселесі де маңызды бағыттардың бірі ретінде аталды. Респонденттердің 25,3%-ы әскери қызметшілердің қауіпсіздігі мен әлеуметтік жағдайын жақсартуды ұсынған. Қару-жарақ пен әскери техниканы жаңартуды – 20,7%, жаңа технологиялар мен цифрлық шешімдерді енгізуді – 20,4%, ал жауынгерлік даярлық пен оқу-жаттығу деңгейін арттыруды 19,2% атады.
Зерттеу нәтижесі қоғамның армия реформасынан кешенді өзгерістер күтетінін көрсетеді. Респонденттердің пікірінше, Қарулы Күштердің әлеуетін арттырумен қатар, әскери қызметшілердің қауіпсіздігі мен әлеуметтік жағдайына, басқару жүйесінің ашықтығына және кәсіби даярлыққа да назар аудару маңызды.
Сауалнама 2026 жылғы 28-29 қыркүйекте онлайн-сауалнама (CAWI) әдісімен жүргізілді. Зерттеуге Қазақстанның 17 облысы мен республикалық маңызы бар Астана, Алматы және Шымкент қалаларынан 18 жастан асқан 1 012 респондент қатысты.
Жанайым ЖАЛҒАС,
«QH»

